Көшеде ән айтқаны үшін сөз естіген жігітке Жұбаныш Жексенұлы қолдау көрсетті

Көшеде ән айтқаны үшін сөз естіген жігітке Жұбаныш Жексенұлы қолдау көрсетті
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Әнші Жұбаныш Жексенұлы Арбатта ән айтып жүрген Серікбай есімді жас өнерпазға қолдау білдіріп, бірге ән шырқады, деп хабарлайды ult.kz.

Бұған дейін көшеде өнер көрсетіп тұрған жігіттің жанына бір әйел келіп, оны сынаған. Ол әнді көшеде емес, сахнада айту керегін жеткізген. Әйелдің бұл сөзі жас өнерпаздың намысына тиген.

Осы жағдайдан кейін Жұбаныш Жексенұлы Серікбайды арнайы шақырып, өз командасымен бірге ән айтуына мүмкіндік берген. Көпшілікке танымал әншінің қасынан табылып, бірге өнер көрсету жас жігіт үшін қуанышты сәтке айналған.

Серікбай алған әсерін әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, өзіне қолдау көрсеткен әншіге ризашылығын білдірді.

“Қуанышымда шек жоқ, рақмет сізге, аға!” – деп жазды жас өнерпаз. 
 

Айта кетейік, Жеңіс Ысқақова өзіне қатысты қызық сұраққа жауап берді.

Жұбаныш Жексенұлы кім? 
 

Жұбаныш Жексенұлы — қазақ эстрадасының белгілі әншісі. Ол 1974 жылы 23 ақпанда қазіргі Түркістан облысы Созақ ауданының Ынтымақ ауылында дүниеге келген. Жетісайдағы Ғани Мұратбаев атындағы гуманитарлық-педагогикалық колледжде білім алған. Өнер жолында Шәмші Қалдаяқов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясында, кейін “Гүлдер” мемлекеттік ансамблінде қызмет еткен.

Әнші тыңдарманға “Өкінбе сен”, “Нұрикамал”, “Ауылым”, “Өмір-өзен”, “Қазақстаным”, “Тамшы” секілді әндерді орындауымен танылған. Оның репертуарында махаббат, туған жер және өмір туралы шығармалар бар.

2005 жылы продюсер Бағлан Омаровтың жетекшілігімен “Өкінбе сен” әніне бейнебаян түсіріп, кейін ән жинағын шығарған. Мәдениет саласындағы еңбегі үшін 2011 жылы “Мәдениет қайраткері” төсбелгісімен марапатталған.