Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Нұрлан Өнербаевты 65 жасқа толған мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды ult.kz.
Президент өнер иесінің қазақ музыкасын дамытуға және ұлттық мәдени мұраны насихаттауға қосқан үлесін атап өтті.
Президенттің құттықтау хатын мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Астанада өткен кездесу барысында әншіге табыстады.
Құттықтау хатында Мемлекет басшысы Нұрлан Өнербаевтың өзіндік орындаушылық мәнері мен қоңыр дауысы тыңдарманның ықыласына бөленгенін атап өткен.
«Өзіңізге тән қоңыр дауысыңыз бен ерекше орындаушылық мәнеріңіз талғампаз тыңдарманның жүрегінен орын алды. Сіз дәстүр сабақтастығын сақтап, халық әндері мен белгілі композиторлардың таңдаулы туындыларын насихаттауға мол үлес қосып келесіз. Ізденіске толы шығармашылық жолыңыз жемісті болып, талантты шәкірттер тәрбиеледіңіз», – делінген Президенттің құттықтауында.
Айта кетейік, Нұрлан Өнербаеавтың шаңырағынан қайғылы хабар жетті.
Нұрлан Өнербаев кім?
Нұрлан Өнербаев – қазақ эстрадасының белгілі әншісі, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі әрі еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1961 жылы 4 қарашада қазіргі Түркістан облысы Төле би ауданында дүниеге келген. Қоңыр дауысы мен өзіндік орындау мәнері арқылы халықтың ықыласына бөленген өнер иесі.
Әншінің репертуарында туған жер, ата-ана, махаббат тақырыбындағы шығармалар мен халық әндері бар. Тыңдарман оны “Қарағым-ай”, “Анашым”, “Қазақ қызы”, “Сағындым ауылды”, “Жан аға” секілді әндері арқылы жақсы таниды. Оның орындауында “Дударай”, “Сандуғаш”, “Бір бидай арпа” сияқты халық әндері де кең тараған.
Нұрлан Өнербаев өнермен қатар, мәдениет пен ақпарат саласында басшылық қызметтер атқарған. Қазақ радиосында диктор, кейін бас директор болып жұмыс істеген. Алматы қаласының мәдениет департаментін басқарып, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты болған.