Танымал актер Олжас Абай журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында актриса Дариға Бадықовамен арадағы қарым-қатынасының қалай басталғанын ашық айтты. Өнер иесі әріптестік байланыстың біртіндеп махаббатқа ұласқанын жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.

Актердің сөзінше, екеуінің жақындасуына ортақ жұмыс себеп болған. Алғашында кәсіби қарым-қатынас ретінде басталған байланыс уақыт өте келе өзара қызығушылыққа, кейін терең сезімге айналған.
"Бәрі әдемі басталды, жақсы басталды, жүрекпен басталды. Бірінші әрекетпен, жұмыспен басталды. Одан кейін жұмыстың барысы қызығушылыққа ауа бастады. Одан кейін қызығушылық түсіністікке әкеле бастады. Түсіністік бұлдырлаған сезімге әкеле бастады. Сезім жауапкершілікке әкеле бастады. Жауапкершілік шешімге әкелді. Сосын бәрі осындай бір қуанышты күнге әкелді", – деді Олжас Абай.
Сұхбат барысында журналист актерден Дариға Бадықованы өзіне жақын адам ретінде қашан қабылдағанын да сұрады.
"Бұл менің адамым деген шешім қай кезде пайда болды?" деген сауалға Олжас Абай "Кино түсіріп жүрген уақыттарда ғой" деп қысқа жауап қайырды.
Алайда актердің махаббат хикаясы желі қолданушыларының бәріне бірдей ұнай қоймаған. Сұхбаттан үзінді тарағаннан кейін әлеуметтік желіде түрлі пікір жазылды.
"Ол ақшаны көбірек таба бастады десей", "Екеуі де отбасыларына сатқындық жасады", "Бәрібір құптамаймын", "Ақшадан басталды", "Күлкісінің астында бір сыр бар", "Ертегі айтқандай айтып отыр ғой", "Апама жездем сай", – деп пікір білдірді желі қолданушылары.
Осылайша, Олжас Абайдың Дариға Бадықоваға деген сезімі қалай оянғаны туралы әңгімесі көпшіліктің қызу талқысына түсті. Бірі актердің шынайы сезімін ашық жеткізгенін құптаса, енді бірі олардың қарым-қатынасына қатысты сыни пікірін білдірді.