Алматыда әйелдің «Райымбек батыр» метро станциясында жарылғыш зат бар деген хабарламасынан кейін тексеру жүргізілді. Оқиғаға байланысты күдікті бірден ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, әйел метро қызметкерлеріне станцияда бомба бар екенін айтқан. Оқиға орнына тиісті мамандар шақырылып, тексеру жүргізілген. Алайда жарылғыш құрылғы немесе күдікті зат табылмады.
Алдын ала мәлімет бойынша, әйел Психикалық денсаулық орталығында есепте тұрады. Қазір полиция оның әрекетіне құқықтық баға беру үшін тексеру жүргізіп жатыр.
Полиция метроның қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әуежайында зейнеткердің ұшақта бомба болуы мүмкін деген әзілінен кейін Алматы–Ақтау рейсі екі сағатқа кешіккен еді. Тексеру кезінде жарылғыш зат табылмаған.