Автобустың артына жабысып, өмірін қатерге тіккен: Оралда жасөспірімдердің ата-аналары жазаланды

Автобустың артына жабысып, өмірін қатерге тіккен: Оралда жасөспірімдердің ата-аналары жазаланды
Polisia.kz

Оралда үш жасөспірім жүріп келе жатқан автобустың артына жабысып, қауіпті әрекетке барған. Оқушылардың бұл қылығы полиция назарына ілігіп, ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, оқиға 3 қараша күні сағат 18:30 шамасында Абай даңғылында болған. Үш жасөспірім №22 бағыттағы автобустың артқы бөлігіне жабысып, аяқтарын көліктің бөлшектеріне тіреп, қозғалыс кезінде бірге ілесіп жүрген.

Абырой болғанда, оқушылар зардап шеккен жоқ.

Оқиға туралы ақпарат алған полиция қызметкерлері бейнежазбаларды аумақтағы мектептердің полиция инспекторларына жолдаған. Нәтижесінде жасөспірімдердің қала мектептерінің бірінде оқитын 8-9 сынып оқушылары екені анықталды.

Полиция қызметкерлері мектеп әкімшілігімен бірлесіп, оқушылар мен олардың ата-аналарын шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жасөспірімдерге мұндай әрекеттің адам өміріне төндіретін қаупі түсіндірілді.

Оқиғаға байланысты кәмелетке толмағандардың ата-аналары заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция өкілдері ата-аналарды балаларының қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырды. Мамандардың айтуынша, жүріп келе жатқан көлікке жабысып жүру ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.