Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Network School жобасының негізін қалаушы Баладжи Шринивасанды қабылдады. Кездесуде Қазақстандағы технологиялық экожүйені дамыту, цифрлық білім беру және инновациялық жобаларды қолдау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ult.kz.
Президент Network School жобасының Қазақстандағы технологиялық экожүйенің қалыптасуына қосқан үлесін жоғары бағалап, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз технологияны терең меңгерген көшбасшылардың жаңа буынын тәрбиелеу үшін білімге, ғылымға және цифрлық құзыреттерді дамытуға белсенді инвестиция салып жатқанын атап өтті.
Осы ретте Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» бастамасына тоқталды. Оның айтуынша, бұл жоба келешек ұрпаққа маңызды мұра қалдыруға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында мектептер, университеттер және медициналық мекемелер сияқты әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу жоспарланған.
Президент Астанада Network School Kazakhstan желісінің іске қосылуын құптап, жобаның Қазақстан университеттерімен, стартаптарымен және технологиялық кәсіпорындарымен серіктестікті кеңейту ниетін қолдады.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Astana AI Film фестиваліне инвестициялық қолдау көрсеткені үшін Баладжи Шринивасанға алғыс білдірді.
Кездесу барысында Network School негізін қалаушы Қазақстанда озық технологиялық шешімдер мен экономиканың дәстүрлі салалары үйлесім тауып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Network School Kazakhstan жобасының басым бағыттарын таныстырды. Олардың қатарында цифрлық шешімдерді дамыту, адам капиталын жетілдіру және инновациялық әзірлемелерді енгізуге қолайлы жағдай жасау бар.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Баладжи Шринивасанды Қазақстандағы жасанды интеллект пен инновацияны дамытуға қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.