Көкшетауда ұрлық жасағаны үшін пробациялық бақылауда жүрген әйел электронды білезігін өз бетінше шешіп, қала аумағынан шығып кетпек болған. Алайда цифрлық бақылау жүйесі оның әрекетін дер кезінде анықтап, әйел Көкшетаудан шығар жолда ұсталды. Енді ол жазасын түрмеде өтеуі мүмкін, деп хабарлайды ult.kz.
Ақмола облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, әйел сот белгілеген шектеулерді қасақана бұзып, электронды бақылау құрылғысын шешіп тастаған. Құрылғы сигналы жоғалғанын байқаған пробация қызметінің мамандары бірден іздестіру шараларын бастаған.
Нәтижесінде әйелдің жүрген жері Көкшетау – Петропавл автожолының бойында, қаладан шығар тұста анықталды. Ол қала шегінен асып үлгермей ұсталды.
Медициналық куәландыру кезінде әйелдің ағзасынан психотроптық заттар анықталған. Осы дерек бойынша әкімшілік материал толтырылып, сот шешімімен оған 120 мың теңге айыппұл салынды. Жаза тағайындау кезінде оның кәмелетке толмаған балалары бары да ескерілген.
Сонымен қатар пробациялық бақылау талаптарын бұзып, электронды білезікті өз бетінше шешкені үшін әйелге жазбаша ескерту берілді.
Қазір уәкілетті орган сотталған әйелді қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне жіберу және оған тағайындалған жазаны нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру мәселесін қарау үшін сотқа тиісті материалдарды әзірлеп, жолдаған.