ІІМ Ақмола және Қарағанды облыстарында күшті әсер ететін препараттарды заңсыз таратқан екі қылмыстық топтың жолын кесті. Операция барысында 21 адам ұсталып, 50 мыңнан астам құты «Тропикамед» тәркіленді, деп хабарлайды ult.kz.
ІІМ мәліметінше, қазан айында Көкшетау, Щучинск және «Бурабай» курорттық аймағында препараттарды жеткізу мен сатумен айналысқан топтың 11 мүшесі ұсталған. Олардың арасында фармацевтикалық компаниялардың иелері мен қызметкерлері, курьерлер де бар.
Тінту кезінде «Тропикамедтің» 50 мыңнан астам құтысы және өзге де препараттардың шамамен 4 мың бірлігі, атыс қаруы, оқ-дәрілер, көліктер мен ірі көлемдегі ақша тәркіленген.
Осындай операция Қарағанды мен Теміртауда да жүргізіліп, жергілікті қылмыстық орта өкілдері бар 10 адам ұсталған. Олар күшті әсер ететін препараттарды заңсыз сатуға қатысы бар деген күдікке ілінді.
Қазір екі дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.