Бірінші сынып оқушысына тиіскен мұғалімнің жазасы жеңілдетілді: 6 млн теңге өтемақы төлейді

Бірінші сынып оқушысына тиіскен мұғалімнің жазасы жеңілдетілді: 6 млн теңге өтемақы төлейді
gov.kz

Шымкентте бірінші сынып оқушысына сексуалдық сипатта тиісіп, сотталған 36 жастағы мұғалімнің жазасы жеңілдетілді. Енді ол 200 сағат қоғамдық жұмысқа тартылып, жәбірленуші тарапқа 6 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды ult.kz.

КТК телеарнасының мәліметінше, оқиға биыл ақпан айында жекеменшік мектепте болған. Бірінші сыныпта оқитын қыз ата-анасына цифрлық сауаттылық пәнінен сабақ беретін мұғалімнің өзіне тиіскенін айтқан.

Ата-анасы мектептегі бейнебақылау камераларын тексергенде, оқушының сөзін растайтын жазбалар анықталған.

Бастапқыда педагог жас балаларды азғындату бабы бойынша сотталған. Алайда кейін іс қайта қаралып, айып сексуалдық сипаттағы тиісу бабына ауыстырылған. Соның нәтижесінде жазасы жеңілдетілген.

Енді мұғалім жәбірленушіге 3 млн теңге моральдық және 3 млн теңге материалдық шығын өтейді. Бұған қоса, 200 сағат қоғамдық жұмыс атқаруы тиіс.