Шекарадан 10,6 млн теңгенің контрабандалық темекісін өткізбек болған

Шекарадан 10,6 млн теңгенің контрабандалық темекісін өткізбек болған
ашық дереккөз

Қостанай облысында Қазақстанға заңсыз жолмен темекі әкелу әрекеті тоқтатылды. Жүк көлігінен акциздік маркасы жоқ 10 мың қорап темекі табылды. Өнімнің жалпы құны 10,6 млн теңге болған, деп хабарлайды ult.kz.

Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, заңсыз тасымал ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп анықталған.

2026 жылғы 26 қыркүйекте «Қайрақ» автомобиль өткізу пунктінде Қазақстанға кірмек болған Volvo жүк көлігі тексерілген. Нәтижесінде көліктен бес түрлі темекінің 1 000 блогы (10 мың қорап) тәркіленді.

Заңсыз айналымнан алынған өнімнің акциздік маркасы болмаған. Тәркіленген темекінің барлығы жойылды.

Ведомство акцизделетін өнімді тиісті құжаттарсыз тасымалдау және таңбалау талаптарын бұзу заңға қайшы екенін ескертті.