Танымал блогер Рысбала Икрамбай той үстінде күтпеген сыйлыққа ие болып, қуаныштан көзіне жас алды. Ол 300 қонақтың арасынан қасиетті Меккеге жолдама ұтып алғанын айтып, әсерімен бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.

Блогердің айтуынша, жуырда жолдасымен ақылдасып, енесін кіші қажылыққа аттандырған. Арада көп уақыт өтпей, дәл осындай сапар өзіне де бұйырған.
Рысбала Икрамбай бұл қуанышты жаңалықты әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Ол Мұхтар Ханзада есімді досының баласына арнап ұйымдастырған сүндет тойына қатысқан. Мерекелік кеш барысында қонақтар арасында Ұмра сапарына екі жолдама ойнатылған.
"Бүгін Мұхтар Ханзада досымыздың шаңырағында үлкен той болды. Ата-аналық міндетін атқарып, сүндет той жасады. Той қонақтарының арасында екі жанға Ұмра сапарына жолдама ойнатты. Ғайыптан тайып, тойдағы 300 қонақтың арасынан біріншісін біздің отбасына нәсіп етті. Екіншісі Әбдіжаппар Әлқожаның отбасына бұйырды", – деп жазды блогер.
Рысбала бұл жағдайды өзі үшін күтпеген сый деп қабылдағанын жасырмады. Оның сөзінше, бұған дейін Меккеге баруға жүрексініп жүрген.
"Ойлаңдаршы. Мен Меккеге барып келген соң оған лайықты жүре алмаймын деп қашып жүрген едім, бүгін тойда бұйыртты", – деп ағынан жарылды ол.
Осылайша, бір тойда екі отбасы қасиетті мекенге жолдама иеленді. Блогер қуанышын оқырмандарымен бөлісіп, бұл оқиғаның өзі үшін ерекше мәнге ие болғанын жеткізді.
Рысбала Икрамбай кім?
Рысбала (Ырысбала) Икрамбай – қазақстандық танымал блогер, кәсіпкер және қайырымдылық шараларын ұйымдастырушы.
Оның толық аты-жөні – Ырысбала Мейрамханқызы Икрамбай.
Ол көпшілікке алғаш "Қалаулым" тележобасына қатысуы арқылы таныла бастаған.
Кейін әлеуметтік желіде белсенділік танытып, қайырымдылық жобаларымен кеңінен танылды.
Блогер Шымкент қаласында тіркелген "Ырысты" қоғамдық қайырымдылық қорының басшысы, қор 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркелген. Ол халықтың қолдауымен тұрмысы төмен отбасылардың баспаналы болуына көмектесіп келеді.
Рысбала Икрамбай – төрт баланың анасы, әлеуметтік желіде отбасы, бала тәрбиесі және қоғамдағы өзекті мәселелер туралы пікірін ашық айтып жүр.