"Ешкімге ештеңе дәлелдемеймін": Балжан Бидаш экс-күйеуінің сөзіне жауап берді

"Ешкімге ештеңе дәлелдемеймін": Балжан Бидаш экс-күйеуінің сөзіне жауап берді
Фото-коллаж: ult.kz

Әнші Балжан Бидаш бұрынғы күйеуі, актер Жахан Отарғалиевтің әлеуметтік желіде тараған мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. Өнер иесі өзіне бағытталған сөздерді қалай қабылдайтынын айтып, оқырмандарына ой салды, деп хабарлайды ult.kz.

Бұған дейін Жахан Отарғалиев сұхбаттарының бірінде бұрынғы жұбайына қарата "Қазақстанда теңдесі жоқ әнші екеніңді дәлелде" деген. Актердің бұл сөзі желіде тарап, көпшіліктің назарын аударды.

Балжан Бидаш Instagram парақшасында осы мәселеге қатысты ойын бөлісті. Әнші өзгелердің пікіріне бола өзіңді дәлелдеуге тырысудың қажеті жоқ екенін, алайда мұндай сөздерді алға ұмтылуға түрткі болатын мотивация ретінде қабылдауға болатынын жеткізді.

"Ешкімге ештеңені дәлелдеудің қажеті жоқ дейді ғой. Бірақ оны мотивация ретінде қабылдаған да дұрыс. Сол арқылы өзіңді дамытасың. Алайда бұл беріліп, бар энергияңды сол адамдарға жұмсау керек деген сөз емес", – деп жазды әнші.

Өнер иесі бұл жазбаны тек бұрынғы күйеуінің сөзіне жауап беру үшін емес, оқырмандарына жігер беру мақсатында жариялағанын атап өтті.

"Бұл стористі оқырмандарыма мотивация болсын деп салдым. Өзіңе сенімді болсаң, артқа қарамай, тек алға ұмтылып, өз жұмысыңды жасайсың. Сондай-ақ олар туралы әңгіме қозғауға да ниетің болмауы керек. Өз күшіңді өзіңе сақта!" – деді Балжан Бидаш.

Осылайша, әнші өзіне айтылған пікірлерге назар аударудан гөрі шығармашылығын дамытып, жеке мақсаттарына жетуді маңызды санайтынын аңғартты.

Балжан Бидаш кім?

Балжан Бидаш – қазақстандық әнші, композитор, бұрынғы "КешYOU" тобының мүшесі.

Ол Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Келінтөбе ауылында дүниеге келген. Өнерлі отбасында өскен әншінің ата-анасы да музыка саласында еңбек еткен. Балжан төрт жасынан бастап ән айтып, бала кезінен сахнаға қызығушылық танытқан.

2015–2018 жылдары танымал "КешYOU" тобының құрамында өнер көрсетіп, кейін жеке шығармашылық жолын бастады.

2020 жылы актер әрі әзілкеш Жахан Отарғалиевпен шаңырақ көтерді. Алайда 2023 жылдың қыркүйегінде ерлі-зайыпты ажырасқанын ресми түрде растады.

Отбасылық өмірінде бірнеше жыл сахнадан қол үзген әнші ажырасқаннан кейін жеке шығармашылығын қайта қолға алды.