Қазақстандық танымал актер, каскадер, модель әрі кәсіпкер Олжас Тоғымбет Stan.kz-ке берген сұхбатында жеке өміріне қатысты сырын ашты. Өнер иесі өзінен жасы үлкен әйелдің қаржылай қамтамасыз етуді ұсынғанын айтып, бұл жағдайдан кейін модельдік мансабын тоқтатуға шешім қабылдағанын жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.

Сұхбат барысында журналист актерден осыдан бірнеше жыл бұрын айтқан әңгімесі туралы сұрады. Атап айтқанда, жүргізуші өзінен үлкен әйелдердің оны асырауға ұсыныс жасағаны жөніндегі сөзін еске салды.
Олжас Тоғымбеттің айтуынша, оқиға шамамен 10 жыл бұрын, модель болып жұмыс істеп жүрген кезінде болған. Актер мұндай ұсынысты мүлде күтпегенін және оны қабылдай алмағанын жасырмады.
"Ол 10 жыл бұрын модель болып жүрген кезде болды. Айтып кеткендей, Шымкенттің жігіті болғандықтан, ол нәрсе маған жат көрінді. Сол ұсыныс түскенде денем тітіркеніп кетті. Телефонын берді, хабарлас, жағдайыңды жасап аласың деп. Мен ол кезде балаларды күтіп тұрғанмын. Содан кейін модельдіктен кетіп, фрилансер болып кеттім. Өзіммен-өзім жұмыс жасаған дұрыс деп шештім", – деді актер.
Алайда Олжас Тоғымбет бұл оқиғаны жауапсыз қалдырмаған. Бірнеше күн өткен соң ұсыныс жасаған әйелмен арнайы кездесіп, өзінің ұстанымын ашық жеткізген.
"Мен ер азамат болғаннан кейін, бірнеше күннен кейін ол кісімен кездестім. Бұл нәрсенің маған жат екенін айттым. Дұрыс еместігін түсіндірдім. Дос ретінде араласайық. Іні ретінде көмек, демеушілік керек болса деген сияқты. Мен жас бала емеспін, түсінігім басқа. Қазақтың нағыз жігітімін деп бәрін түсіндірдім. Біреудің берекесін қалай аламын? Ер азамат жетістікке өзі жету керек дедім. Сосын ол кісі мені сыйлағаннан кетті", – деп еске алды өнер иесі.
Актердің сөзінше, бұл әңгіменің соңы түрлі қауесетке ұласқан. Дегенмен ол жұрттың пікірі өзіне әсер етпегенін айтты.
"Бірақ соның өзінде өсек кетті. Маған бәрібір дедім, бастысы, мен Құдайдың, өзімнің алдымда тазамын", – деп түйіндеді Олжас Тоғымбет.
Осылайша актер қаржылық қолдаудан гөрі өз еңбегімен жетістікке жетуді таңдағанын жеткізді