Спортшы Қуат Хамитов Алматыда өткен “Қазақ аруы – 2026” байқауына қатысты пікір білдіріп, оның атауын өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды ult.kz.
Ол әлеуметтік желідегі жазбасында “Қазақ аруы” атауы тұтас ұлтқа қатысты екенін айтып, байқаудың мазмұны мен қатысушыларына көңілі толмайтынын жеткізді.
“Бұл байқауды “Қазақ аруы” емес, “Баян аруы” деп өзгерту керек! “Қазақ” деген сөзді айтқанда, бұл бүкіл ұлтқа, бәрімізге қатысты болады”, – деп жазды Хамитов.
Спортшы қазақ қыздарының арасында көркімен де, тәрбиесімен де ерекшеленетін, байқауға лайық бойжеткендер көп екенін айтты. Сонымен бірге қатысушылардың байқауға келудегі мақсатына қатысты жеке пайымын білдірді.
“Біздің ұлтымызда әдемі, лайықты қыздар жетерлік. Ал бұлар назар жетіспегендіктен жүргендер. Олардың бұл байқауға не үшін қатысатынын бәріміз жақсы білеміз”, – деді ол.

Айта кетейік, Аша Матайдың сұрағы “Қазақ аруы” қатысушысын абдыратты.
Қуат Хамитов кім?
Қуат Хамитов — “Найман” лақап атымен танылған қазақстандық аралас жекпе-жек (ММА) спортшысы. Ол 1988 жылғы 22 ақпанда Алматы облысында дүниеге келген.

Кәсіби мансабында Fight Nights Global және басқа да халықаралық ұйымдардың жарыстарына қатысқан.

Грек-рим күресінен спорт шебері. “Alash Pride” клубының атынан өнер көрсетіп, Bushido және SFL турнирлерінде жеңіске жеткен.