Аша Матайдың сұрағы “Қазақ аруы” қатысушысын абдыратты

Аша Матайдың сұрағы “Қазақ аруы” қатысушысын абдыратты
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Алматыда 3 қараша күні өткен “Қазақ аруы – 2026” байқауындағы бір сәт әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Жүргізуші Аша Матайдың Таяу Шығыстағы қақтығыс туралы сұрағына қатысушылардың бірі бірден жауап бере алмай, абдырап қалған, деп хабарлайды ult.kz.

Байқауға қатысушы сұрақтың мәнін бірден түсіне алмаған. Осы сәттің видеосы желіге тарап, сұлулық сайысында қандай тақырыптар қозғалғаны жөн деген пікірталасқа ұласты.

Желі қолданушыларының бір бөлігі саясат пен дінге қатысты күрделі мәселелерді мұндай байқауда көтеруді орынсыз деп бағалады. Олардың пікірінше, халықаралық қақтығыстар туралы сұраққа сахнада бірден жауап беру оңай емес.

Биылғы байқауда Алматының атынан қатысқан 20 жастағы студент әрі блогер Асылым Өтепберген жеңімпаз атанды. Ол көрермендердің 17 164 дауысын жинаған. Жеңімпазға дизайнер Аида Кауменова әзірлеген авторлық шапан мен шетелге саяхат жолдамасы табысталды.

“Қазақ аруы – 2026” байқауын Баян Алагөзованың BM Production продюсерлік орталығы ұйымдастырды.

Айта кетейік, Түркияда демалып жүрген Аша Матай тосын жазба жариялады.

Аша Матай кім?

Аша Матай – қазақстандық тележүргізуші, әнші және актриса. Шын есімі – Ақбота Маратқызы Асқарбекова. Ол 1988 жылғы 22 желтоқсанда дүниеге келген. Мектептен кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінде халықаралық құқық мамандығы бойынша білім алған. Студент кезінде шығармашылыққа бет бұрып, “Сана” триосының құрамында ән айтқан.


Телевизиядағы еңбек жолын 2008 жылы HitTV музыкалық арнасында бастаған. Кейін ойын-сауық бағдарламалары мен концерттердің жүргізушісі ретінде танылды. Ол “Шабыт”, “Жаһан дала” байқауларының лауреаты, республикалық “Жұлдыздар империясы” телебайқауының жеңімпазы атанған. Сонымен қатар үлкен теннистен спорт шеберлігіне кандидат атағы бар.

Аша Матай кино саласында да бірқатар рөл сомдаған. Досхан Жолжақсыновтың “Біржан сал” фильмінде Ләйлімнің бейнесін алып шықты. Сондай-ақ “Астана – ғашықтар мекені”, “Обратная сторона”, “Жаным-2”, “16 қыз” және “Самая красивая” туындыларына түскен. Оның шығармашылық жолында әншілік, актерлік және тележүргізушілік қатар өрбіді.

2015 жылғы қыркүйекте Аша Матай Mysterions тобының әншісі Арман Қоңырбаевпен шаңырақ көтерді. Екеуі “Сынақ” бағдарламасының түсірілімінде танысқан. Олардың Асылым және Айым есімді қыздары бар. Өнерлі жұп бірлесіп ән жазып, бейнебаяндар да шығарған. Солардың қатарында “Жараламағын” және “Ау, жаным” туындылары бар.