"Сен де, мен де кезекте тұрмыз": Түркияда демалып жүрген Аша Матай тосын жазба жариялады

"Сен де, мен де кезекте тұрмыз": Түркияда демалып жүрген Аша Матай тосын жазба жариялады
Фото-коллаж: ult.kz

Ақбота Асқарбекова Түркиядағы демалысынан суреттерімен бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесі отбасымен бірге Түркияның Белек қаласында демалып жүр. Ол күн шуағына бөленген демалыс сәттерін Instagram парақшасында жариялады. Кадрлардың бірінде Аша Матай жағажай киімімен суретке түскен. Сондай-ақ фотолардан оның екі қызын да көруге болады.

Алайда көпшіліктің назарын әншінің демалыс кезіндегі суреттерінен гөрі жазған ойлы пікірі аударды. Өнер иесі өмірдің өткінші екенін еске салып, өзгелерді сынауға уақыт жоғалтпауға шақырды.

"Сен де тұрсың, мен де тұрмын кезекте...

Өмір – бір сәт. Сондықтан бос әңгімеге, біреуді сынауға, өзгенің өмірін талқылауға уақыт жоғалтпайық.

Адамның күні – адаммен. Бір-бірімізге жақсы сөз айтып, қолдау көрсетіп, сыйластықпен қарайық. Әр күнімізді бағалап, айналамызға жақсылық сыйлап жүрейік!" – деп жазды Аша Матай.

Әншінің бұл жазбасы өмірдің қадірін білу, адамдар арасындағы сыйластық пен мейірімділік туралы ой қозғайды.

Аша Матай әлеуметтік желідегі парақшасында отбасылық өмірінен, шығармашылығынан және күнделікті тіршілігінен үзінділер жариялап тұрады. Бұл жолы да өнер иесі демалыс суреттерін бөлісіп қана қоймай, оқырмандарына бір-бірін бағалап, жақсылық жасауға үндейтін жазба арнады.

Аша Матай кім?

Аша Матай – қазақстандық әнші, актриса, тележүргізуші және медиа тұлға. Оның шын есімі – Ақбота Маратқызы Асқарбекова. Өнер иесі 1988 жылы 22 желтоқсанда дүниеге келген. Ол Алматы қаласында заңгерлер отбасында тәрбиеленген. Болашақ әнші Алматыдағы №163 орта мектепті тәмамдаған. Кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халықаралық құқық мамандығы бойынша білім алған.

Аша Матай бала кезінен ән айтып, би билеуге қызығушылық танытқан. Сонымен қатар үлкен тенниспен айналысып, спорт шеберлігіне үміткер атанған. Ол 2008 жылдан бастап HitTV музыкалық арнасында жүргізуші болып жұмыс істеп, көпшілікке таныла бастады. Шығармашылық жолында "Шабыт" және "Жаһан дала" халықаралық байқауларының бас жүлдесін жеңіп алған. Сондай-ақ республикалық "Империя звезд" телевизиялық байқауының жеңімпазы атанған.

Аша Матай "Біржан сал", "Астана – ғашықтар мекені", "Ғашық жүрек" және "16 қыз" фильмдеріне түскен. Бұдан бөлек, "Жаным-2" телехикаясында Салтанат есімді кейіпкерді сомдаған. Ол "Қалаулым" және "Кеш жарық, Қазақстан" телебағдарламаларының жүргізушісі ретінде де танылған. Өнер иесі әншілік, актерлік және тележүргізушілік қызметін қатар алып жүріп, қазақстандық шоу-бизнесте өзіндік орнын қалыптастырған.