Театр және кино актрисасы Жанаргүл Жаныаманова студенттік шағында белгілі актриса Назгүл Қарабалинаны үлгі тұтқанын жеткізді. Ол журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында өнерге енді қадам басқан жылдарындағы естеліктерін баяндады, деп хабарлайды ult.kz.
Жанаргүл Жаныаманова студент кезінде Назгүл Қарабалинаның қойылымдарын тамашалау үшін театрға жиі барғанын еске алды.
“Мен Назгүл Қарабалинаға қарап өстім. Сол кісідей болғым келді. Бір қойылымын жібермей көрген студент болған шығармын. Күнде баратынмын. «Ымырттағы махаббатты» неше рет көргенімді есептемеген де шығармын. Әр қойылымын барып көретінмін. Қызметтік есіктің алдына барып күтіп тұратынмын. Не үшін күтіп тұратынымды өзім де білмеймін. Гүл де апармаймын, жай ғана күтіп тұрамын. Тек көргім келетін. Сондай қызық жанкүйер болдым. Сол кісіге қарап өстім, қатты ұқсағым келді”, – деді актриса.
Өнер иесі әлі күнге дейін өзі ерекше құрметтейтін әріптесімен бір қойылымда ойнамағанын да сөз етті.
“Назгүл Қарабалинамен бір сахнада өнер көрсетпедім. Өйткені ол кісі театрға қайта оралған кезде мен декреттік демалысқа кеттім. Одан шыққан кезде біздің ғимаратымыз жабылды. Сөйтіп, ол кісі өзінің спектакльдерінде, мен өзімнің спектакльдерімде ойнап жүрмін”, – деп түсіндірді Жанаргүл Жаныаманова.
Айта кетейік, Санжар Мәди мемлекеттік наградаға ие болды.
Жанаргүл Жаныаманова кім?
Жанаргүл Жаныаманова – қазақстандық театр және кино актрисасы. Ол 1989 жылы 29 наурызда дүниеге келген. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында еңбек етеді.

Театр сахнасында “Лир патша” қойылымындағы Регана, “Сүйген жардан айырылма” спектакліндегі Шумилова рөлдерін сомдаған. Көрерменге “16 қыз”, “Наурыз.kz”, “Сен маған керексің” фильмдері арқылы да таныс.

Актрисаның жұбайы – актер, режиссер әрі продюсер Рүстем Жаныаманов. Ол “Келінжан” телехикаясындағы Қылышбек рөлімен танылған. Ерлі-зайыптылар театр және кино саласында еңбек етіп келеді.