Танымал қазақстандық актер Санжар Мәди “Құрмет” орденімен марапатталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі қуанышты жаңалығын Instagram парақшасында бөлісіп, еңбегінің еленгеніне ризашылығын білдірді. Актер бұл марапаттың өзі үшін үлкен мәртебемен қатар жауапкершілік жүктейтінін атап өтті.
“Сүйінші! “Құрмет” орденімен марапатталдым. Бұл марапат мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Еңбегімді бағалап, осындай құрмет көрсеткені үшін шын жүректен алғыс айтамын. Өнер жолында бірге жүрген әріптестеріме, ұстаздарыма және әрдайым қолдау білдіріп жүрген баршаңызға рақмет!
Еліміздің мәдениеті мен кино өнерінің дамуына өз үлесімді қоса берсем, мен үшін сол үлкен бақыт.
Құрметтеріңізге рақмет!”, – деп жазды актер.
Санжар Мәди шығармашылық жолында өзіне қолдау көрсеткен жандарға алғыс айтып, алдағы уақытта да отандық кино өнерінің дамуына үлес қосқысы келетінін жеткізді.
Айта кетейік, “Құрмет” ордені – Қазақстанның экономикасы, ғылымы, мәдениеті, әлеуметтік саласы мен қоғамдық қызметінің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға берілетін мемлекеттік награда.
Еске салайық, Төреғали Төреәлінің отбасылық видеосы көпшілікті сүйсінтті.
Санжар Мәди кім?
Санжар Мәди – қазақстандық кино және театр актері, режиссер, продюсер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
1986 жылы 4 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Анасы – ұстаз, әкесі – жазушы. Бала кезінен өнерге қызығып, ән жазумен, сурет салумен және бимен айналысқан.

Алғашында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қаржы мамандығы бойынша білім алып, банк саласында қызмет еткен. Кейін өнерге бет бұрып, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған.
АҚШ-тағы Нью-Йорк кино академиясында актерлік шеберлік пен режиссураны меңгерген. “Сказ о розовом зайце” фильміндегі басты рөлі арқылы қалың көрерменге танылды.

2016 жылы ELLE Style Awards Kazakhstan сыйлығында “Үздік кино және театр актері” атанды. 2019 жылы Ричмонд халықаралық кинофестивалінде “Үздік актер” жүлдесін жеңіп алды.
Отандық және шетелдік киножобаларға қатысып жүрген өнер иесі OINA актерлік студиясы мен театрының жетекшісі.