Құрылтай депутаты Людмила Ли тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қудалауға ұшыраған әйелдер мен балаларға жедел көмек көрсетуге арналған «PANA» жобасын мемлекеттік цифрлық платформаға қосуды ұсынды. Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінен жобаны іске асыруға кедергі келтірмеуді талап етті, деп хабарлайды ult.kz.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанда азаматтардың құқығын қорғауға, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған заңдар қабылданғанымен, іс жүзінде зардап шеккендерге көмек көбіне оқиғадан кейін ғана көрсетіледі. Ал қауіп төнген сәтте жәбірленушіге бірден паналайтын орын табу қиын.
Осы мәселені шешу үшін «PANA» қоғамдық жобасы әзірленген. Оның аясында дүкендер, дәріханалар, ОСИ және ПИК кеңселері қауіпсіздік нүктелеріне айналуы мүмкін. Жобаға қатысуға бірқатар нысанның өкілдері келісім берген.
Жоспар бойынша, үйіне жақын жерден есігінде «PANA» белгісі бар нысанды көрген әйел немесе бала сол жерге кіріп, көмек сұрай алады. Қызметкерлер арнайы үш қадамнан тұратын хаттама бойынша әрекет етеді: жәбірленушіні қызметтік бөлмеге кіргізіп, агрессордан оқшаулайды, алғашқы көмек көрсетіп, тиісті қызметтерді шақырады.
Людмила Лидің сөзінше, жоба мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлуді қажет етпейді. Себебі ол жұмыс істеп тұрған дүкендер мен басқа да нысандардың базасында жүзеге асырылмақ.
Депутат жобаны Ішкі істер министрлігі қолдайтынын да атап өтті. Оның айтуынша, қауіпсіздік нүктелерінің қызметкерлеріне ІІМ-нің қоғамдық көмекшілері мәртебесін беру қарастырылған. Олар тәулігіне 12 сағат кезекшілік атқарып, бейнебақылау орнатылған тұрақты орындарда жұмыс істейді.
Жобаны FSM Social платформасына қосу ұсынылды
Депутат «PANA» жобасын толық іске асыру үшін оны прокуратура, ІІМ, «Жанұя» отбасын қолдау орталықтары мен дағдарыс орталықтарын біріктіретін FSM Social цифрлық платформасына қосу қажет деп санайды.
Оның пікірінше, бұл жүйе арқылы зорлық-зомбылық немесе қудалау белгілері туралы ақпаратты тиісті мемлекеттік органдар бір уақытта ала алады. Сондай-ақ әрбір қоғамдық көмекшінің жұмысы цифрлық картада тіркеліп, олардың қызметін бақылауға мүмкіндік туады.
Людмила Ли цифрлық жүйеде оқиғалар туралы ақпараттың сақталуы өңірлердегі ықтимал заңсыз әрекеттер мен істі жасыру жағдайларының алдын алуға көмектесетінін атап өтті.
Депутаттың мәліметінше, Астана, Көкшетау және Теміртау қалалары жобаны пилоттық режимде іске қосуға дайын. Алайда оның айтуынша, тиісті министрліктер жобаны FSM Social жүйесіне қосуға қажетті рұқсат пен техникалық мүмкіндік бермей отыр.
Осыған байланысты Людмила Ли Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінен:
- «PANA» жобасының FSM Social платформасына қосылуына кедергі келтірмеуді;
- пилоттық қалалардағы қоғамдық көмекшілер үшін жеке IP-мекенжай мен біржақты техникалық арна бөлуді талап етті.
Депутат бұл бастама мемлекеттік органдар мен бизнестің күшін біріктіріп, зорлық-зомбылық құрбандарына дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді деп есептейді.