Танымал блогер Айым Алтынбекова (Аека Пош) жас отбасылардың ата-анасынан бөлек тұрғаны дұрыс деп есептейтінін айтты. Сондай-ақ ол күйеуімен қарым-қатынасы мен отбасындағы ер адамның орны туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ult.kz.

Блогер "Айтарым бар" подкастында келін мен қайын жұрт арасындағы қарым-қатынасқа тоқталып, өзінің қайын апа ретіндегі ұстанымын бөлісті. Оның айтуынша, жас жұбайлар өз алдына шаңырақ көтеріп, жеке өмір сүргені жөн.
Айым Алтынбекова "қайын апа" деген атауды ұнатпайтынын жасырмады. Ол інісінің жұбайымен үлкендік танытып, билік жүргізгеннен гөрі, құрбыдай араласуды жөн көреді.
"Маған "қайын апа" деген сөз ұнамайды. Інімнің келіншегіне "маған құрбы ретінде қарашы" дедім. Қайын апа деген отбасын бұзатын, қорқынышты, келіп уын шашып кететін адам сияқты қалыптасып кетті. Сондықтан ондай болғым келмейді, дос болғым келеді", – деді блогер.
Ол өзінің басынан өткен жағдайларды ескеріп, інісі мен келінінің бөлек тұруына ықпал еткенін жеткізді. Тіпті келіні бастапқыда бөлек шығуға құлықсыз болғанымен, блогер жас жұбайлардың жеке өмір сүргенін қалаған.
Айымның пікірінше, ата-енесі қаншалықты жақсы адамдар болса да, жас отбасының өз алдына бөлек тұрғаны дұрыс. Өйткені бұл ерлі-зайыптылардың дербес өмір сүруіне және өз жауапкершілігін сезінуіне мүмкіндік береді.
Сұхбат барысында блогер күйеуінен рұқсат сұрайтынын айтып, көпшілікті таңғалдыруы мүмкін тағы бір пікірін ортаға салды. Оның сөзінше, отбасында ер адамның беделі жоғары болғанын қалайды. Сондықтан қандай да бір жерге барарда күйеуімен ақылдасып, рұқсатын сұрайды.
"Мен күйеуімнен сұранамын. Осы подкасттың өзінде де "мені шақырып жатыр, барсам бола ма?" деп сұрадым. Ол еркек қой. Мен керісінше, еркектен сұранып, менің әлемімде еркектің бір саты жоғары тұрғанын қалаймын", – деді ол.

Блогер бұл көзқарасының қалыптасуына атасының айтқан өсиеті әсер еткенін де жеткізді.
"Атам әрдайым "еркегіңді хандай көрсең, ханның әйелі боласың. Лохтай көрсең, лохтың әйелі боласың" дейтін", – деді Айым Алтынбекова.
Сонымен қатар ол күйеуіне қайда баратынын алдын ала айтып отыруды еркіндіктің шектелуі емес, қауіпсіздік пен өзара сыйластықтың белгісі деп санайтынын түсіндірді.
Блогердің пайымдауынша, отбасылық өмірде "мен міндетті емеспін" деген ұстанымға байланып қалмай, ерлі-зайыптылар бір-бірімен санасуды үйренуі керек.