2006 жылы Еуразия ұлттық университеті мен Қытайдың Сиань шет тілдер университеті бірлесіп Конфуций институтын құру жөніндегі келісімге қол қойып, 2007 жылы Астанада институт ресми түрде жұмысын бастады. Осы уақыт ішінде 14 мыңнан астам түлек оқу орнын бітірген, деп хабарлайды ult.kz.
Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы Конфуций институты Қытай тарапының директоры Баян Жұмабекұлы журналистерге институтты таныстырып, мекеменің негізгі міндеттерін де айтып өтті.

Фото: ult.kz
«Қытай тілін оқыту, оны үйренуге мүмкіндік жасау және түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастыру – біздің негізгі міндетіміз. Сондай-ақ екі елдің, әсіресе жастарының өзара түсіністігін нығайтып, мәдени байланыстарын дамытуға жағдай жасап, осы арқылы қазақ жастарының қытай тілін үйренуге деген сұранысын қанағаттандыруды көздейміз», – деді Баян Жұмабекұлы.
Оның сөзінше Қазақстан мен Қытайдың түрлі саладағы байланысы нығайған сайын екі елдің тілін білетін, мәдениетін түсінетін мамандарға сұраныс артып келеді.
«Қазір Қазақстанда қытай тілін үйренуге қызығушылықтың артып отырғанын күнделікті жұмысымыздан байқаймыз. Жыл сайын институтымызға әртүрлі жастағы, әртүрлі саладағы адамдар тіркеледі. Бұл да болса екі ел арасындағы ынтымақтастық пен достықтың тереңдей түскенін, нақтырақ айтқанда білім беру саласы мен жұмыс орындарының сұранысы артып жатқанын көрсетеді», – деді ол.
Конфуций институтына оқушыларды 12 жастан бастап алады екен. Институттың ең жасы үлкен студенті 70 жаста көрінеді. Мұнда мектеп оқушылары, студенттер, әр түрлі салада жұмыс істейтін қызметкерлер мен зейнеткерлер бар.
54 жастағы Гүлчихра Бажирова қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін біледі. Оның ендігі мақсаты қытай тілін жетік меңгеріп, Қазақстанды Қытай еліне таныстыру.

Фото: ult.kz
«Қытайлар үшін Ресей үлкен мемлекет, ал Қазақстан кішкентай ел сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ біз сияқты орта буын отбасынан шыққан, жасы 54-тегі адам келіп, бірнеше тілді біліп, фортепиано ойнаса, олар мұны үлкен мүмкіндік деп бағалайды. Біз жұмыстан бөлек әдебиетті, мәдениетті білетінімізді көрсетсек, олардың Қазақстанға деген қызығушылығы арта түседі. Біз өз мәдениетіміз бен білімге деген құштарлығымызды көрсету арқылы олардың да қазақша үйренуіне түрткі бола аламыз», – деді Гүлчихра Бажирова.
Гүлчихра ханым қытай тілін оқып бастағанда қатарластары дұрыс түсінбейді деп ойлапты. Бірақ оны қолдаушылар көп болған екен.
«Әже болғанда қытай тілін оқып, уақыты мен қаржысын бекер бөліп не керек?» деп айтатын шығар деп күмәндандым. Бірақ олай емес екен. Керісінше, осындай жаста жаңа тіл үйреніп жатқанымды көріп, олар маған таңдана қарады. «Жұмыстан уақыт тауып, зейнетке дайындалып жатып оқып жүрсің» деп қызығушылық білдіреді. Ешқандай кемсіту немесе кекесінді көрген жоқпын, қайта үлкен қолдау мен таңданыс көріп жүрмін», – деді сұқбаттасымыз.

Фото: ult.kz
Конфуций институтында оқып жатқан Айжан Арғынқызының қытай тілін үйренудегі мақсаты екі ел арасындағы қарым-қатынастың жақсарып келе жатқаны екен. Ол Қытаймен бизнес жасауға және күншығыс елінде жоғары білім алуға деген мүмкіндік артып келеді деп есептейді.
«Таныстарым қытай тілін неге үйреніп жүргенімді сұрайды. Мен айтамын, себебі маған қытай мәдениеті ұнайды. Жалпы өте әдемі көрінеді. Ең бастысы қызығушылықпен қарасаңыз, өте оңай болады», – деді ол.
Айжан Арғынқызының қытай тілін үйреніп жатқанына көп уақыт бола қоймаған. Десе де тіл білудің пайдасы қазірден тиіп жатқан көрінеді.
«Қазір онлайн-шопингке мән беріп жатырмын. Тиімді бағада Қытайдан тауар сатып аламын. Сондықтан менің ойымша қытай тілін білу күнделікті өмірде өте пайдалы», – деді Айжан ханым.
Қытай тілін үйренудегі негізгі қиындықтар – төрт тонды дұрыс айту және иероглифтерді жазу деп отыр оқытушылар мен оқушылар. Себебі тонды қате қолдану сөздің мағынасын өзгертіп жібереді. Бұл – тек қазақтарға емес, қытай тілін үйренетін барлық шетелдіктерге ортақ қиындық. Ал иероглифтерді меңгеру үшін уақыт пен тұрақты жаттығу қажет. Дегенмен грамматикалық тұрғыдан қытай тілі салыстырмалы түрде жеңіл, өйткені онда қазақ тіліндегідей жалғаулар мен жұрнақтар жүйесі жоқ.

Фото: ult.kz
Конфуций институтында қытай тілі курстарына тіркелу әр семестр алдында онлайн форматта жүргізіледі. Оқу басталардан бір апта бұрын институттың Instagram парақшасында хабарландыру жарияланып, алғашқы апта тегін сабақ ретінде өткізіледі. Осы уақыт ішінде оқушылар курстың мазмұнымен танысып, жалғастыру-жалғастырмау туралы өздері шешім қабылдай алады.
Бір семестрдің оқу ақысы – 100 мың теңге. Оқу ұзақтығы – 15 апта. Сабақ аптасына үш рет өткізіліп, әр сабақ 90 минутқа созылады. Жалпы жүктеме аптасына 6 академиялық сағатты құрайды.

Фото: ult.kz
Қытай тілін меңгеру HSK халықаралық емтиханының деңгейлері бойынша ұйымдастырылған. HSK 1 және HSK 2 деңгейлерінің әрқайсысын аяқтауға бір семестр қажет болса, үшінші деңгейден бастап оқу бағдарламасы күрделеніп, оны меңгеруге екі семестр қарастырылған.
Астанадағы Конфуций институты HSK халықаралық емтиханын тапсыруға арналған ең үлкен орын. Баян Жұмабекұлы журналистерге HSK емтиханын тапсыратын орынды көрсетті.
HSK (Hanyu Shuiping Kaoshi, 汉语水平考试) — қытай тілін ана тілі ретінде қолданбайтын адамдарға арналған халықаралық стандартталған емтихан. Емтихан Қытай Халық Республикасының Білім министрлігі мен CTI (Chinese Testing International) ұйымының қолдауымен әзірленіп, өткізіледі.
Одан бөлек, іс-шаралар өтетін зал, ұстаздар бөлмесі, оқу аудиториясы мен жалпы институттың аумағын таныстырды. Институттың жалпы аумағы 500 шаршы метрді құрайды.

Фото: ult.kz

Фото: ult.kz
Баян Жұмайбекұлының айтуынша, қазір Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. 2023 жылы Сиань қаласында өткен «Қытай – Орталық Азия» саммиті мен 2025 жылы Астанада ұйымдастырылған екінші саммит екіжақты байланысты жаңа деңгейге көтерді. Сондай-ақ екі ел азаматтары үшін визасыз режимнің енгізілуі өзара қарым-қатынасты нығайтуға қосымша мүмкіндік берді.
Оның пікірінше, Қытаймен байланыс кеңейіп, елдің халықаралық ықпалы артып келе жатқан кезеңде қытай тілін меңгеру жастар үшін маңызды артықшылық бола алады. Бұған қоса, Қытайдың 8-9 университетінде қазақ тілі мамандығы бойынша білім беру бағдарламалары бар. Бұл – Қытай тарапының қазақ тіліне және Қазақстанға деген қызығушылығы мен құрметінің көрінісі.

Фото: ult.kz
«Қазір Қытайдың Қазақстандағы елшілігінде қазақ тілінде жұмыс істейтін қытайлық қызметкерлер бар. Бұл екі елдің бір-бірінің тілі мен мәдениетіне деген құрметін көрсетеді. Сондықтан жастарға қытай тілін үйренуден қорықпауға кеңес берер едім. Екі ел арасындағы байланыс нығайған сайын бұл тілді меңгерген мамандарға сұраныс та арта түседі», – деді Баян Жұмайбекұлы.
Айта кетейік, бұл іс-шара Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және Жаһандық даму бастамасының көтерілгеніне бес жыл толуына орай ұйымдастырылған «Халық игілігі жолындағы даму – Қытай мен Қазақстан бірге алға басады» атты бірлескен сұхбаттар сериясының алғашқы кездесуі болды. Жоба аясында екі елдің бұқаралық ақпарат құралдары қытай тілін оқыту, мәдени алмасу және қытай тілін меңгерудің жаңа мүмкіндіктері туралы тақырыптарды қамтиды.