Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың екінші жары ретінде көпшілікке белгілі Айман Талғатқызы жеке кәсібін бастап, әйелдерге арналған киім брендін таныстырды, деп хабарлайды ult.kz.

Айман Талғатқызы қуанышты жаңалығын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Ол TADDS атауымен әйелдерге арналған киім топтамасын шығарып, алғашқы өнімдерін көпшілік назарына ұсынған. Жаңа топтамаға түрлі түсті екілік костюмдер енген. Айманның сөзінше, киім үлгілері күнделікті киюге де, мерекелік басқосулар мен маңызды кездесулерге де жарайды.
Кәсіпкер киімдердің дизайнына ғана емес, матасының сапасы мен денеге жайлылығына да ерекше мән берген. Әсіресе жеңі қауырсынмен көмкерілген костюмдер көзге түседі. Сәндік әшекей сегіз қабат қауырсыннан жасалған. Оны қалаған уақытта шешіп алуға болады.
"Тазалықпен, махаббатпен, ұқыптылықпен, сапамен арнайы тігілген екілік", – деп жазды Айман Талғатқызы.
Айта кетерлігі, Айман жаңа топтамасын таныстыру үшін арнайы модель жалдамаған. Ол өзі әзірлеген костюмдерді киіп, олардың әртүрлі түстері мен үлгілерін оқырмандарына көрсеткен.
Осылайша, Айман Талғатқызы сән әлеміне алғашқы қадамын жасап, өз брендін дамытуға кірісті. Қазір ол киімдерін Instagram желісі арқылы сатып жатыр.