“Қазақ аруы – 2026” байқауының жеңімпазы Асылым Өтепберген өзін өсіріп, тәрбиелеген апасының өмірден өткенін мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Оның айтуынша, апасы байқаудың финалына бір күн қалғанда қайтыс болған. Алайда жақындары бұл хабарды Асылымға байқау аяқталғаннан кейін ғана жеткізген.
Жас ару бір жарым ай бойы дайындықпен жүріп, жақындарына жеткілікті көңіл бөле алмағанына өкініш білдірді. Сол уақытта апасы оны сағынып, көргісі келіп жүрген екен.
“Бір жарым ай бойы дайындықпен жүріп, жақындарыма көңіл бөле алмадым. Апатайым мені сағынып, көргісі келіп жүріпті. Ал мен “қап” деп қалдым. Апамның достарына жазған соңғы хаты “Немереме ертең лайк басыңдар” деген өтініші еді. Бұл жеңісімді апама арнадым”, – деп жазды Асылым.
Айта кетейік, Баян Алагөзова ұйымдастырған байқаудың жеңімпазы анықталды.
"Қазақ аруы" қандай байқау?
“Қазақ аруы” — қазақ қыздарының сұлулығын, білімін, өнері мен ұлттық мәдениетті меңгеруін бағалайтын республикалық байқау. Жоба продюсер Баян Алагөзованың бастамасымен 2011 жылы ұйымдастырыла бастаған. Мақсаты — қазақ қызының ұлттық болмысын танытып, ана тілі мен салт-дәстүрді дәріптеу.

Байқауда қатысушылардың қазақ тілінде еркін сөйлеуіне, ел тарихы мен әдебиетін, әдет-ғұрыптарын білуіне мән беріледі.

Арулар сұрақтарға жауап беріп, өнерін көрсетеді, сахнада өзін ұстауы мен сәнді киім үлгілерін таныстыру шеберлігі бойынша да сынға түседі.