Еуропада жалған жарылыс қаупі туралы хабарламалар толқыны күшейді. Бұл жолы белгісіз біреулер телеарналарды нысанаға алды, деп хабарлайды ult.kz.
Бірнеше еуропалық телеарнаға электронды пошта арқылы жарылыс жасалатыны туралы қоқан-лоқы хаттары жіберілген. Мұндай хабарламалар Ирландияның RTЕ телерадиокомпаниясына, Ұлыбританияның Sky және Болгарияның Nova TV телеарналарына түскен. Тексеру барысында жарылғыш заттар табылған жоқ, деп хабарлайды Reuters.
Қауіпке байланысты RTЕ телеарнасы шамамен үш сағат бойы музыка мен алдын ала жазылған хабарламаларды эфирге шығарған. Ал Nova TV редакциясының қызметкерлері ғимараттан эвакуацияланған.
Хаттар Михаил Андропов есімді белгісіз адамның атынан жіберілген. Хат авторы бұған дейін Еуропадағы әуе рейстеріне қатысты жалған жарылыс хабарламаларын да өзі таратқанын мәлімдеген. Телеарналарға жолданған хатта жарылғыш құрылғы 45 минуттан кейін іске қосылатыны жазылған. «Батысқа жолданған үндеу» деп аталған хабарлама авторы осы аптада болған оқиғалар тек бастамасы екенін де ескерткен.
Бұған дейін Еуропаның бірқатар әуе компанияларына да ұшақтарға жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарламалар түскен болатын. Соның салдарынан кейбір ұшақтар шұғыл қонуға мәжбүр болып, әуежайларда қосымша тексерулер жүргізілді. Алайда ол жағдайларда да жарылғыш құрылғылар табылған жоқ. Жалған хабарламаларды кім таратып жүргені әзірге белгісіз.
Италияның Ansa агенттігінің мәліметінше, хабарламалардың бір бөлігі Ресейдегі «Мужское государство» қозғалысының мүшелерінің атынан жіберілген. Алайда қозғалыстың негізін қалаушы Владислав Поздняков бұл іске қатысы барын жоққа шығарды. Оның айтуынша, қозғалыс 2021 жылы-ақ өз жұмысын тоқтатқан.