"Қайрек үлгеріп келе алмады": Жұлдыз Әбдікәрімова ұлының арманын орындады

"Қайрек үлгеріп келе алмады": Жұлдыз Әбдікәрімова ұлының арманын орындады
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Танымал актриса Жұлдыз Әбдікәрімова тұңғыш ұлы Нарұлға көптен күткен тұлпарын сыйлады. Өнер иесі қуанышты сәттің бейнежазбасын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

Актрисаның айтуынша, ұлы бірнеше жылдан бері ат спортымен шұғылданып келеді. Осы уақыт ішінде түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға да ие болған. Алайда жеңіспен қатар, талай қиындықты бастан өткерген.

"Талай аттан құлады. Қолын да, аяғын да, белін де жарақаттап алды. Сонда да жылқыға деген махаббаты жыл өткен сайын арта берді", – деп жазды актриса.

Жұлдыз Әбдікәрімованың сөзінше, Нарұл атқа мінуді үйрене бастаған кезден-ақ жеке тұлпары болғанын армандаған. Ұлының бұл тілегін жақсы білетін ата-анасы оның жай ғана балалық қызығушылық емес екеніне көз жеткізуді жөн көріпті.

"Алғашқы жылдан-ақ өзінің жеке тұлпары болғанын армандады. Сұрады, қалады, күтті. Ал әкесі екеуміз балалық қызығушылық па, әлде шынайы құштарлық па, уақыт көрсетсін деп шештік", – деді ол.

Актриса ұлының ат спортына деген ықыласы уақыт өткен сайын күшейе түскенін жеткізді. Нарұл қолы қалт етсе, атқораға асығып, бос уақытын жылқылардың жанында өткізетін болған.

"Мектептен босай сала атқораға жүгіреді. Аттарды шомылдырады, астын тазалайды, жем-суын береді. Кейде үйге түн ауа бір-ақ оралады", – деп бөлісті Жұлдыз.

Баласының жылқыға деген ерекше сүйіспеншілігін байқаған ата-анасы биыл оның көптен күткен арманын орындауды ұйғарған. Олар Нарұлға өзі таңдаған тұлпарын сатып алып берген.

"Осының бәрін көріп, баламыздың бұл жай ғана қызығушылығы емес, жүрек қалауы екенін түсіндік. Биыл көптен күткен арманын орындап, өзі таңдаған сәйгүлігін алып бердік!" – деп жазды өнер иесі.

Актриса қуанышты сәтке ұлының әкесі Қайрат Нұртастың қатыса алмағанын да жасырмады. Оның айтуынша, әнші іссапарға байланысты тұлпарды табыстау рәсіміне үлгермеген.

"Іссапарға байланысты тұлпарын табыстау сәтіне Қайрек үлгеріп келе алмады. Бірақ бұл күнді ұлымен бірге әкесі де қаншалықты күткенін мен жақсы білемін", – деді актриса.

Жұлдыз Әбдікәрімова жазбасының соңында ұлына ақ тілегін арнап, жаңа тұлпарының құтты болуын тіледі.

"Құлыным, азаматқа қазанат серік болсын! Тұлпарың құтты болсын! Тақымыңнан тұлпар, басыңнан бақ таймасын!" – деп жазды ол.

Өнер иесінің бұл жазбасы әлеуметтік желіде көпшіліктің назарын аударды. Желі қолданушылары Нарұлдың қуанышына ортақтасып, жас шабандозға сәттілік тіледі.