Алматыдағы Сәтбаев көшесінің бойындағы арықтардың бір бөлігі арнайы плиталармен жабылып жатыр. Қалалық Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы бұл жұмыстардың не үшін жүргізіліп жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды ult.kz.
Жұмыс барысы түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Кадрлардан жұмысшылардың арық жүйесінің үстіне арнайы плиталар орнатып жатқанын көруге болады. Желі қолданушысы мұның себебін сұраған.
Қалалық басқарманың мәліметінше, қазір Сәтбаев көшесінің Байзақов көшесінен Луганский көшесіне дейінгі аралығында кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жоба аясында жаяу жүргіншілер жолын кеңейту, велоинфрақұрылым салу, көгалдандыру және сыртқы жарықтандыру жүйесін жаңғырту қарастырылған.
Атап айтқанда, Мүсірепов көшесімен қиылысатын тұстағы Сәтбаев көшесінің оңтүстік бөлігінде арық жүйесінің шамамен 5-7 метр жері арнайы плиталармен жабылады.
Басқарма өкілдері мұндай шешім велосипедшілердің қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалуына мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар бұл тәсіл жасыл желек аумағын айтарлықтай қысқартпауға жағдай жасайды.
«Арық жүйесі сақталады, оның жауын-шашын суын бұру қызметі өзгермейді. Жабылған бөлік жергілікті сипатта болады және су ағатын науаларды кейін де тазалап, күтіп ұстауға мүмкіндік қарастырылған», – деп түсіндірді ведомство.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, жұмыстар бекітілген жоба аясында жүргізіліп жатыр. Негізгі мақсат – қолданыстағы су бұру жүйесін сақтай отырып, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге қолайлы жағдай жасау.