Интернет-казиноларға 191 млрд теңге аударған қаржы схемасы әшкереленді

Интернет-казиноларға 191 млрд теңге аударған қаржы схемасы әшкереленді
complaneta.ru

Шетелдік интернет-казиноларға 191 млрд теңге аударуға көмектескен топтың қылмыстық ісі сотқа жолданды. Күдіктілер заңсыз төлемдерді үш компанияның жүйесі арқылы өткізіп, 286 млн теңге комиссия алған, деп хабарлайды ult.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, топ өз бақылауындағы үш компанияның төлем жүйесін пайдаланып, шетелдік онлайн-казинолардың шоттарына ақша аударған. Қаржы операциялары түрлі банктерге орнатылған жүздеген төлем терминалы арқылы жүргізілген.

Заңсыз схемаға Nomadgames, Sultangames, Pinco, Pin-UP, Vavada, Mostbet және 1WIN платформалары тартылған. Жүргізілген аударымдардың жалпы көлемі 191 млрд теңгеге жетсе, ұйымдастырушылардың комиссиялық табысы 286 млн теңгені құраған.

Қаржының нақты алушыларын жасыру үшін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің деректемелері пайдаланылған. Кейбір азаматтар өз атына төлем терминалдары тіркелгенін білмеген. Олардың атынан жасалған жалған шарттар мен арнайы әзірленген сайттар арқылы аударымдар тауарлар мен қызметтердің ақысы ретінде көрсетілген.

Кейін жиналған қаражат шетелдік алушыларға, оның ішінде криптовалюта арқылы жөнелтіліп отырған.

ҚМА мәліметінше, қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікті қамауға алынған. Сот санкциясымен төрт автокөлік пен 103 млн теңге қолма-қол ақшаға тыйым салынды. Қылмыстық іс соттың қарауына жіберілді.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жарияланбайды.

Осыған дейін Алматыда заңсыз онлайн-казино қызметіне қатысты қаржы схемасы әшкереленгені хабарланған болатын.