Өскеменде интернет-дүкен арқылы есірткі таратуға қатысы бар деген күдікпен 20 жастағы азамат ұсталды. Ол жалдамалы пәтерде есірткіні өлшеп, түйіншектерге бөліп, буып-түюмен айналысқан, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, басқа облыстың тұрғыны интернеттегі «оңай табыс» туралы хабарландыру арқылы заңсыз жұмысқа тартылған. Еңбекақысы криптовалютамен төленген.
Күдікті «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде қолға түсті. Жеке тінту барысында одан ұнтақ тәрізді зат салынған 350 түйіншек табылды. Ал жалдамалы пәтерден тағы 28 түйіншек пен екі ыдысқа салынған зат тәркіленді.
Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттың жалпы салмағы 635 грамм болатын α-PVP психотроптық заты екені анықталды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция интернеттегі оңай табыс туралы ұсыныстардың артында есірткі саудасы сияқты заңсыз әрекеттер тұруы мүмкін екенін ескертті.