Есірткі ақшасын криптовалюта арқылы жасырғандар сотталды

Есірткі ақшасын криптовалюта арқылы жасырғандар сотталды
24.kz

Қызылорда облысында криптовалютаны заңсыз айырбастап, есірткі саудасынан түскен ақшаны заңдастырған екі адам сотталды. Олар цифрлық активтер арқылы 1 млрд теңгеден астам қаржы айналымын жүргізген, деп хабарлайды ult.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер тиісті рұқсатсыз, «Астана» халықаралық қаржы орталығының сауда алаңдарынан тыс жерде Binance платформасының P2P қызметі арқылы криптовалюта саудасымен айналысқан.

Нәтижесінде олар 1 млрд теңгеден астам сомаға цифрлық активтер сатып, заңсыз айырбастан 178 млн теңге табыс тапқан.

Сонымен қатар сотталғандардың бірі есірткі саудасынан түскен ақшаны заңдастыру схемасын ұйымдастырған. Ол қаржыны қабылдап, өзге шоттарға аудару үшін банк шоттарын пайдалануға берген адамдарды, яғни дропперлерді тартқан. Осы шоттар арқылы 600 млн теңгеден астам қаражат өткізілген.

Ведомствоның хабарлауынша, түскен ақша криптовалютаға айырбасталып, есірткі саудагерлерінің криптоәмияндарына жіберілген. Мұндай аударымдардың жалпы көлемі 277 мың USDT-ге жеткен.

Қылмыстық жолмен тапқан қаражатына сотталғандар жүк көліктері мен тіркемелер сатып алып, оларды жақын туыстарының атына рәсімдеген. Кейін техниканы кәсіпкерлік мақсатта пайдаланып, заңды тұлғаларға жалға берген.

Сот үкімімен олардың біріне үш жыл, екіншісіне екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар төрт арнайы техника мен қылмыстық жолмен алынған 1 млрд теңгеден астам табыс мемлекет пайдасына тәркіленді.

Үкім заңды күшіне енді.