Атыраудағы BINOM мектебінде 13 жастағы қызға пышақпен шабуыл жасаған 16 жастағы жасөспірім 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі алқабилердің қатысуымен шығарылды, деп хабарлайды ult.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Екі айдан астам уақытқа созылған сот процесінде жасөспірімнің шабуылды алдын ала жоспарлағаны анықталды. Оның дәптерлерінен отбасы мүшелері мен қоғамға деген өшпенділігін білдірген жазбалар, сондай-ақ шетелдегі мектептерге шабуыл жасаған қылмыскерлерге қызығушылық танытқаны туралы деректер табылған.
Судья Зарема Хамидуллинаның айтуынша, сотталушы 13 наурыз күні мектепке үш пышақ, балға, қысқаш және шабуыл жоспары жазылған дәптерін алып келген. Ол шамамен бір сағаттан астам уақыт бойы шабуыл жасайтын оқушыны іздеп, соңында соңғы сабағына бара жатқан өзіне бейтаныс 13 жастағы қызға тап берген.
Тергеу барысында оның дәптерлерінен отбасын, ата-анасын және қоғамды жек көретіні, адамдарға зиян келтіргісі келетіні туралы жазбалар табылған. Сондай-ақ әйелдерге деген өшпенділігін білдірген және отбасына қатысты бұрынғы ойын жүзеге асыра алмағанына өкінген жазбалары анықталған.
Сотта жасөспірімнің әлеуметтік желілер мен компьютерлік ойындарға тәуелді болғаны, тыйым салынған интернет-ресурстардағы материалдарға қызығушылық танытқаны да айтылды. Ақпан айында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері оның жеке парақшаларынан діни экстремистік мазмұндағы материалдарды анықтап, теолог маманның қатысуымен түсіндіру жұмысын жүргізген.
Судьяның сөзінше, сотта зерттелген материалдар жасөспірімнің тұйықталып, виртуалды әлемге тәуелді бола бастағанын және қоршаған ортаға теріс көзқарасы күшейгенін көрсеткен.
Сонымен қатар 2025 жылдың қазан айында жасөспірім мектеп психологіне сыныптастарының өзін мазақтайтыны жөнінде шағымданған. Сотта оның есімін бұрмалауына, ұлты мен сыртқы келбетіне қатысты тиісу фактілері расталған. Алайда жүйелі түрде ұрып-соғу немесе қорлау деректері анықталмаған.
Мемлекеттік айыптаушы Майра Ержанова бұл оқиға жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын күшейту қажеттігін көрсететінін атап өтті. Оның айтуынша, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттырып, білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайту маңызды.
Осыған байланысты сот Оқу-ағарту министрі мен Атырау облысының прокурорына тиісті шаралар қабылдау туралы жекеше қаулы шығарды.
Сотталушы Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі және 99-бабының 3-бөлігі бойынша, яғни жас баланы өлтіруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылды. Ол жазасын кәмелетке толмағандарға арналған қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.
Еске салайық, оқиға биыл 13 наурызда болған. Ауыр жарақат алған оқушы ауруханаға жеткізіліп, оған шұғыл ота жасалған. Қыз аман қалды.