Ақтөбеде 10 келі синтетикалық есірткі тәркіленді: күдіктілер 15 жылға сотталуы мүмкін

Ақтөбеде 10 келі синтетикалық есірткі тәркіленді: күдіктілер 15 жылға сотталуы мүмкін
Polisia.kz

Ақтөбеде көлік полицейлері синтетикалық есірткі тарататын ірі арнаның жолын кесті. Арнайы операция барысында 10 келі альфа-PVP психотроптық заты тәркіленіп, есірткі дүкенін жабдықтау схемасы әшкереленді, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, қылмыстық топ мүшелері анонимді оператордың нұсқауымен әрекет етіп, есірткі дүкенінің «қоймашылары» болған.

Күдіктілер жеке тұрғын үйді жалға алып, оны психотроптық заттарды өлшеп, орайтын орынға айналдырған. Үйді тінту кезінде есірткі салынған бес пакет табылған.

Тергеу барысында ұсталғандар кінәсін мойындап, есірткі жасырылған орынның мекенжайын көрсеткен. Соның нәтижесінде орман алқабынан психотроптық заттар салынған тағы 10 пакет тәркіленді.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер қамауға алынған. Егер кінәсі дәлелденсе, олардың мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.