Қазақстанда азаматтығынан шығуға ниет білдірушілер саны соңғы жылдары айтарлықтай азайған. Кейінгі сегіз жылда мұндай өтініштер саны шамамен 40 есе қысқарған. Вице-Президент Ерлан Қарин мұны елдегі әлеуметтік оптимизм деңгейінің жоғары болуымен және Қазақстан төлқұжатының беделі артуымен байланыстырды, деп хабарлайды ult.kz.
Вице-Президенттің төрағалығымен Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиын қорытындысы бойынша 255 адамды Қазақстан азаматтығына қабылдау туралы Мемлекет басшысына ұсыныс енгізіледі. Ал 43 адамның азаматтықтан шығу туралы өтінішін қанағаттандыру ұсынылмақ.
Ерлан Қариннің айтуынша, Қазақстан төлқұжатының халықаралық деңгейдегі беделі артып келеді. Қазір қазақстандықтар әлемнің 80-ге жуық еліне визасыз бара алады. Түрлі халықаралық индекстерде де еліміздің төлқұжаты өңірдегі ең таңдаулы құжаттардың бірі саналады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, төлқұжатымыздың беделі жылдан жылға нығайып келеді. Бұл Қазақстанның тартымдылығының арта түскенін білдіреді», – деді Ерлан Қарин.
Оның сөзінше, Қазақстан азаматтығына шетелдік IT және бизнес саласының өкілдері, инвесторлар, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері де қызығушылық танытып отыр.
Вице-Президент мұндай өзгерістерді Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси реформаларымен, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық саясатымен байланыстырды.