Жиынға қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазандағы Жолдауында айқындалған басым бағыттарды талқылап, ұсынылған бастамалардың экономикаға, әлеуметтік салаға және өңірлердің дамуына ықпалын саралады, деп хабарлайды ult.kz.
Сарапшылар инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударды. Президент Жолдауда еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік, көлік және инженерлік нысандар салу жоспарын белгіледі. Атап айтқанда, бірінші кезеңде ауруханалар, перинаталдық орталықтар, жедел жәрдем станциялары мен балаларды оңалту орталықтарын қоса алғанда, 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын салу көзделген. 2029 жылдың соңына дейінгі инфрақұрылымдық жоспарды жүзеге асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр.

Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додонов экономикалық даму Президент Жолдауларындағы негізгі тақырыптардың бірі болып қала беретінін атап өтті. Сонымен қатар ол халықтың табысын арттыруды мемлекеттік саясаттың маңызды бағдарының бірі деп атады.
«Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 млрд долларға жуықтап, жан басына шаққандағы ЖІӨ 19 мың доллардан асады. Бұл – макроэкономикалық тұрғыдан елеулі көрсеткіштер. Алайда экономикалық өсім халық күнделікті өмірінде сезіне алатын нақты өзгерістермен қатар жүруі маңызды, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, ауқымды құрылыс жұмыстары бірқатар саланың дамуына қосымша серпін бере алады. Жолдар, ауруханалар, көлік және өзге де нысандар салу құрылыс материалдары мен қызметтерге деген сұранысты арттырып, халықты жұмыспен қамтуға және ілеспе инфрақұрылымды дамытуға ықпал етеді. Осылайша, құрылыс жобаларының тиімділігі тек нысандардың өзімен ғана шектелмейді»
Философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері Дина Ешпанова да Жолдаудың әлеуметтік бағытына назар аударды. Оның пікірінше, басты мәселе – экономикалық көрсеткіштер ғана емес, жүзеге асырылып жатқан реформалардың азаматтардың өмір сапасын жақсартуға қаншалықты ықпал ететіні.
«Жолдаудың негізінде әлеуметтік мәселелерді шешу басымдыққа ие болуы керек деген ой жатыр. Бұл – адам өмірінің жаңа сапасына қол жеткізу туралы мәселе. Ол үшін әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, медициналық мекемелер, оңалту және перинаталдық орталықтар салу қажет. Мұндай жобалар көмекке мұқтаж отбасылар үшін ғана емес, келешек ұрпақ өсіп-жетілетін қолайлы орта қалыптастыру тұрғысынан да маңызды», – деп атап өтті Дина Ешпанова.
Сарапшы қалалар мен өңірлердің дамуы арасындағы өзара байланысты да сөз етті. Оның айтуынша, ірі қалалар экономикалық және мәдени белсенділіктің орталығына айналғанымен, облыстар мен ауылдық елді мекендерде де қолайлы мүмкіндіктер жасалмайынша, елдің тұрақты дамуына қол жеткізу мүмкін емес. Бұл ретте заманауи инфрақұрылым құру, жаңа жұмыс орындарын ашу және өндіріс орындарын дамыту маңызды. Мұның бәрі адамдарға туған жерінен жырақтамай-ақ білім алып, кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндік береді.

Талқылаудың тағы бір маңызды бағыты энергетикалық қауіпсіздік мәселесі болды. Дина Ешпанова атап өткендей, өнеркәсіпті дамыту, инвестиция тарту және цифрландыру үдерісін ілгерілету үшін сенімді энергиямен жабдықтау жүйесі қажет. Сондықтан энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа генерациялау қуаттарын құру экономиканың дамуы үшін ғана емес, еліміздің технологиялық міндеттерін жүзеге асыру тұрғысынан да маңызды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар кәсіби кадрлар даярлау, әлеуметтік саясатты дамыту және белгіленген бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігін де талқылады. Сарапшылар пікірін тоғыстырған негізгі мәселе – жарияланған жоспарлардың халық күнделікті өмірінде сезілетін нақты өзгерістерге қаншалықты ұласатыны.