Гүлзира Атабаева: Цифрлық платформалар істен шықса, мыңдаған азаматтың табысын кім қорғайды?

Гүлзира Атабаева: Цифрлық платформалар істен шықса, мыңдаған азаматтың табысын кім қорғайды?
Конституциялық Соты

«Әділет» партиясының депутаты Гүлзира Атабаева платформалық жұмыспен қамтылған азаматтардың құқықтарын қорғау және олардың табысының тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне депутаттық сауал жолдап, цифрлық платформалардағы техникалық ақаулар кезінде орындаушыларды қорғау тетіктерін әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды ult.kz.

Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың оңайлатылған құқықтық режимін қалыптастыруды тапсырған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда 35 интернет-платформа операторы арқылы қызмет көрсететін 956 мыңға жуық орындаушы болған. Алдағы уақытта платформалық экономикаға тартылатын азаматтардың саны арта түсуі мүмкін.

Гүлзира Атабаева платформалық жұмыспен қамтылған азаматтардың құқықтарын қорғау «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында да қарастырылғанын атап өтті. Атап айтқанда, жұмыспен қамтудың икемді нысанын сақтай отырып, қызметкерлерге базалық әлеуметтік кепілдіктер беру, әлеуметтік төлемдердің ашық тәртібін қалыптастыру және платформа мен орындаушы арасындағы жауапкершілікті нақтылау көзделген.

Депутат бұл бағыттағы өзекті мәселелердің бірі ретінде цифрлық платформалардағы техникалық ақауларды атады. Мәселен, Yandex Go сервисіндегі іркіліс салдарынан такси жүргізушілері мен курьерлер уақытша тапсырыс қабылдап, табыс табу мүмкіндігінен айырылған. Бұған қоса, кейбір орындаушылар тапқан қаражатын шығарып алуда қиындықтарға тап болғаны туралы хабарламалар түскен.

«Бұл жағдай бір ғана жеке цифрлық платформаның техникалық ақауы жүздеген мың азаматтың жұмыспен қамтылуы мен табысына тікелей әсер етіп, олардың бір мезетте жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылуын көрсетті», – деді депутат.

Осыған байланысты Гүлзира Атабаева Үкіметке платформалық жұмыспен қамтудың еңбек нарығына төндіретін тәуекелдеріне кешенді бағалау жүргізуді ұсынды. Сонымен қатар цифрлық платформалардағы жаппай техникалық ақауларға ден қою жөніндегі ведомствоаралық жоспар әзірлеу қажеттігін айтты.

Оның пікірінше, мұндай жоспар мемлекеттік органдар мен платформа операторларының өзара іс-қимыл тәртібін, азаматтарды шұғыл хабардар ету және тапсырыстарға қолжетімділікті қалпына келтіру алгоритмін қамтуы керек. Сондай-ақ берешекті жедел өтеу мен зардап шеккен орындаушыларға ерікті өтемақы төлеу бағдарламаларын қарастыру маңызды.

Бұдан бөлек, депутат ұзаққа созылған техникалық ақаулар кезінде орындаушылардың мүддесін қорғайтын практикалық тетіктерді цифрлық платформа операторларымен бірлесіп пысықтауды ұсынды.

«Цифрлық жұмыспен қамтуды дамыту азаматтарға платформа арқылы табыс табу мүмкіндігін берумен ғана шектелмеуі керек. Олар осы табыс көзінің тұрақтылығы мен сенімділігіне де сенімді болуы қажет», – деп түйіндеді Гүлзира Атабаева.