Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтар медициналық мекеме қызметкерлерінің атын жамылып, тұрғындарды алдаудың жаңа тәсіліне көшкен. Қаскөйлер скрининг пен медициналық талдауларды сылтау етіп, азаматтардың SMS-кодтарын иемденеді. Қазірдің өзінде 40-қа жуық тұрғын зардап шеккен, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, алаяқтар азаматтарға телефон шалып, скринингтен немесе флюорографиядан өту қажеттігін айтып, электронды кезекке тіркеуді ұсынады. Ол үшін SMS арқылы келген растау кодын сұрайды.
Кодты алған соң, банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері болып қайта хабарласып, азаматтың атына несие рәсімделіп жатқанын айтады. Ақшаны «қорғау» үшін оны қауіпсіз шотқа аударуға көндіреді. Алайда бұл – қаражатты иемденудің кезекті алаяқтық схемасы.
СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметовтің айтуынша, кей жағдайда қылмыскерлер азаматтардың қандай медициналық талдаулар тапсырғанына дейін біліп отырған. Сондықтан тұрғындарға медициналық мекеме атынан қоңырау түскенде, ақпаратты ресми нөмір арқылы тексеру ұсынылады.
Полиция жыл басынан бері өңірде интернет-алаяқтықтың 443 дерегі тіркелгенін хабарлады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 30 пайызға аз.
Құқық қорғау органдары тұрғындарға SMS-кодтарды, банк деректерін және жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеуді ескертеді.