Атыраудағы базарлардың бірінде никаб киген екі әйел TikTok желісінде тікелей эфирге шығып, терроризмге қатысы барын және ҰҚК қызметкерлерімен байланысы бар екенін айтқан. Олардың мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеода әйелдердің парфюмерия сатып отырып, түрлі мәлімдеме жасағаны көрінеді.
Тікелей эфир кезінде әйелдердің бірі өзін 20 жылдан бері террорист екенін айтып, тиісті тізімде тұрғанын мәлімдеген. Тіпті сол тізімде бірінші болып тіркелгенін айтқан.
Сондай-ақ олар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментіне күн сайын барып тұратынын және мекеме ғимаратының маңында тұратынын жеткізген. Бұдан бөлек, ҰҚК қызметкерлерімен таныс екенін және олармен жақсы қарым-қатынаста екенін айтқан.
Эфир барысында никаб кию мәселесі де сөз болған. Бір кезде әйелдердің бірі бетін ашқанымен, екіншісі оған қайта жабынуды талап етіп, никаб киюге өзі мәжбүрлегенін айтқан. Ал екінші әйел бетін тек тікелей эфир кезінде ғана жабатынын, күнделікті өмірде ашық жүретінін түсіндірген.
Трансляция көрермендері әйелдерге Қазақстандағы қоғамдық орындарда бетті тануға кедергі келтіретін киім киюге қатысты тыйым туралы да сұрақ қойған.
Видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, қолданушылар құзырлы органдардан әйелдердің мәлімдемелерін тексеріп, құқықтық баға беруді талап еткен.
Полиция не дейді?
Атырау облыстық полиция департаменті тікелей эфирге қатысқан әйелдердің жеке басы анықталғанын хабарлады. Олардың жасы – 38 және 39-да.
Ведомство мәліметінше, екі әйел де полиция басқармасына жеткізілген.

Аталған деректер бойынша оларға қатысты үш әкімшілік іс қозғалған. Атап айтқанда, ұсақ бұзақылық, құқыққа қайшы контент тарату және қоғамдық орындарда адамның жеке басын анықтауға кедергі келтіретін киім кию фактілері бойынша материалдар сотқа жолданған.
Сонымен қатар әйелдермен теологтың қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізілген. Оларға заң талаптары, қоғамдық тәртіп нормалары және құқық бұзушылыққа жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Полиция әлеуметтік желі заң талаптары қолданылмайтын кеңістік емес екенін еске салды. Ведомство өкілдері тікелей эфир кезінде жасалған құқыққа қайшы әрекеттерге де заң аясында баға беріліп, кінәлілер жауапқа тартылатынын атап өтті.