Қазақстан мен Үндістан қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе сот үкімін орындату үшін іздеуде жүрген адамдарды ұстап беру туралы келісімге келді. Екі ел арасындағы тиісті шартқа Бас прокурор Берік Асылов пен Үндістанның Қазақстандағы елшісі Силас Тангал қол қойды, деп хабарлайды ult.kz.
Құжатқа қол қою рәсімі бүгін Бас прокуратурада өтті. Жаңа шарт екі мемлекеттің құқық қорғау органдарына қылмыс жасады деген күдікпен іздестіріліп жатқан немесе сот үкімін орындаудан жалтарып жүрген адамдарды ұстап беруге құқықтық негіз қалыптастырады.
Бас прокуратураның мәліметінше, келісім қылмыс жасаған адамның жазадан жалтаруына жол бермеуге және жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұл құжат Қазақстан мен Үндістан арасындағы қылмыстық-құқықтық ынтымақтастықтың шарттық негізін толықтырады. Бұған дейін екі мемлекет қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету және сотталған адамдарды беру туралы келісімдерді қолданысқа енгізген.
Бас прокурордың айтуынша, жаңа шарт екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамуы жағдайында ерекше маңызға ие.
Қазір Қазақстанда фармацевтика, тау-кен өндірісі, медицина және тамақ өнеркәсібі салаларында 600-ден астам үнді компаниясы жұмыс істейді. Сонымен қатар Үндістан Қазақстанда білім алып жатқан шетелдік студенттер саны бойынша бірінші орында тұр. Мәселен, 2025–2026 оқу жылында елімізде 10 мыңға жуық үндістандық студент білім алған.
Соңғы жылдары екі ел азаматтарының, соның ішінде туристердің өзара сапарлары да көбейген. Осыған байланысты мемлекетаралық байланыстарды нығайтумен қатар, трансшекаралық қылмысқа қарсы күресте де бірлескен жұмысты күшейту қажеттілігі туындап отыр.