Қазақстанда «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын қаржыландыру келесі жылы да жалғасады. 2027 жылға арналған қаржы көлемі 100 млрд теңгеге дейін белгіленді. Алайда қаражат тоқсан сайын 25 млрд теңгеден бөлінетін болады, деп хабарлайды ult.kz.
Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының қаулысына сәйкес, аталған қаржы «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ арқылы игеріледі. Қор екінші деңгейлі банктерден бағдарлама аясында берілген ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша талап ету құқықтарын сатып алады.
Бұл ретте банктер ипотекалық несиелерді өз қаражаты есебінен береді. Яғни қаржы ұйымдарын алдын ала қаржыландыру қарастырылмаған.
Айта кетейік, «7-20-25» бағдарламасы бастапқы нарықтан пайдалануға берілген тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндік береді. Ипотеканың негізгі шарттары өзгеріссіз: жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 7%, бастапқы жарна – үй құнының кемінде 20 пайызы, ал несие мерзімі – 25 жылға дейін.
Бағдарламаға бір рет қана қатысуға болады. Оның серіктес банктері қатарында Қазақстан Халық Банкі, Банк ЦентрКредит, Фридом Банк Қазақстан, Bank RBK, Altyn Bank, Еуразиялық банк және ForteBank бар.
Бағдарлама іске қосылғалы бері жалпы сомасы 1,26 трлн теңгеден асатын 87 мыңнан астам ипотекалық несие берілген.
Бағдарлама талаптары туралы толық ақпаратты baspana72025.kz сайтынан немесе +7 (727) 227-20-25 нөмірі арқылы алуға болады.