Астанаға жеткізуге жағдайы көтермейді: Жамбылда соққыға жығылған баланың хәлі ауыр

Астанаға жеткізуге жағдайы көтермейді: Жамбылда соққыға жығылған баланың хәлі ауыр
ашық дереккөз

Жамбыл облысында соққыға жығылып, комаға түскен 14 жастағы жасөспірімнің жағдайы әлі де ауыр. Дәрігерлер оны әзірге басқа медициналық мекемеге тасымалдауға болмайтынын айтып отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Министрдің айтуынша, жасөспірім медикаментозды комада жатыр. Оны Астанаға жеткізу мәселесі баланың жағдайы тұрақталғаннан кейін қарастырылмақ.

«Жағдайы ауыр. Медикаментозды комада жатыр. Әзірге тасымалдауға жарамайды. Астанаға ауруханаға жеткізу үшін жағдайының оңалуын күтіп отырмыз», – деді Ақмарал Әлназарова Үкіметтегі баспасөз мәслихатында журналистердің сұрағына жауап беріп.

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысы Бірлесу-Еңбек ауылында 14 жастағы жасөспірімнің соққыға жығылып, комаға түскені туралы ақпарат тараған еді. Қазір ол Аса ауылындағы ауруханада ем қабылдап жатыр.

Оқиға туралы зардап шеккен баланың туысы әлеуметтік желіде жазба жариялаған. Оның мәліметінше, жасөспірім комада жатыр және өздігінен тыныс ала алмайды.

Ал баланың жақындары оқиғаның жан-жақты әрі әділ тергелуін, оған қатысы бар адамдардың заң алдында жауап беруін талап етіп отыр.