Таразда 17 миллион теңгенің әшекейін ұрлаған күдіктілердің бірі алтын шынжырды әжетханаға тастамақ болған

Таразда 17 миллион теңгенің әшекейін ұрлаған күдіктілердің бірі алтын шынжырды әжетханаға тастамақ болған
ашық дереккөз

Таразда 17 миллион теңгеден астам ақша мен зергерлік бұйымдарды қолды етті деген күдікпен екі ер адам ұсталды. Күдіктілердің бірі ұрланған алтын шынжырды әжетханаға ағызып жіберуге әрекеттенген. Полиция оқиға орнынан түсірілген бейнежазбаны жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшыларына жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, үйінен бағалы тастары бар 30-дан астам зергерлік бұйым мен 830 мың теңге қолма-қол ақша жоғалған.

Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер үй иелері жоқ кезде есік құлпын бұзып, пәтерге заңсыз кірген. Ұрланған мүліктің арасында алтын әшекейлермен қатар қырғыз сомы, еуро және қытай юані де болған. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын 17 миллион теңгеден асқан.

Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде полиция екі күдіктіні анықтап, қолға түсірді. Олардың бірі Түркістан облысының тұрғыны екені белгілі болды.

Тінту барысында күдіктілерден іске қатысы бар заттай дәлелдемелер табылған. Полицияның хабарлауынша, ер адамдар қылмыс ізін жасыруға тырысып, ұрланған мүліктің бір бөлігінен құтылмақ болған. Тіпті күдіктілердің бірі алтын шынжырды әжетханаға ағызып жіберуге әрекеттенген. Сонымен қатар ұрланған әшекейлердің кейбірін сатып үлгергені анықталды.

Қазіргі уақытта аса ірі мөлшердегі ұрлық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.