Қазақстан бірқатар азық-түлік түрі бойынша ішкі нарықтағы сұраныстың жартысын да отандық өнім есебінен өтей алмай отыр. Әсіресе өңделген көкөністер, қант, шай мен кофе бойынша импортқа тәуелділік жоғары, деп хабарлайды ult.kz LS-ке сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында отандық кәсіпорындар өңделген және консервіленген көкөніске деген ішкі сұраныстың небәрі 16,6 пайызын қамтамасыз еткен.
Қай өнімдер бойынша импортқа тәуелділік жоғары?
- Өңделген және консервіленген көкөніс – 16,6%;
- Қант – 22,3%;
- Шай мен кофе – 27,6%;
- Ашытқы – 28,3%;
- Қоюландырылған сүт пен кілегей – 36%;
- Шоколад және шоколад өнімдері – 38,9%.
Яғни бұл өнімдерге деген сұраныстың басым бөлігі шетелден жеткізілетін тауарлар есебінен өтеледі.
Қай өнімдер бойынша отандық өндірістің үлесі басым?
Бірқатар азық-түлік түрінен Қазақстан ішкі нарық сұранысының жартысынан астамын өз өндірісі арқылы қамтамасыз етіп отыр.
Мәселен:
- Балық және теңіз өнімдері – 51,5%;
- Тұздықтар мен дәмдеуіштер – 56,1%;
- Печенье, кептірілген нан және вафли – 58,6%;
- Ірімшік пен сүзбе – 59,2%;
- Шұжық өнімдері – 67%.
Ал макарон өнімдері бойынша отандық өндірістің үлесі 78,4 пайызға, өсімдік майы 85,4 пайызға, ет пен ет өнімдері 86,4 пайызға жеткен.
Қай өнімнен Қазақстан өзін толық дерлік қамтамасыз етеді?
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, кейбір негізгі азық-түлік түрінен ішкі сұраныс отандық өнім есебінен толыққа жуық өтеледі.
Атап айтқанда:
- Балмұздақ – 88,2%;
- Алкогольсіз сусындар мен су – 88,7%;
- Жарма – 93,9%;
- Сүт пен кілегей – 95,2%;
- Жұмыртқа – 97,5%;
- Ұн – 99,2%.
Осылайша, Қазақстан ұн, жұмыртқа, сүт және жарма сияқты өнімдер бойынша ішкі сұранысты негізінен өз өндірісі есебінен өтейді. Алайда өңделген көкөніс, қант, шай, кофе және шоколад өнімдеріне келгенде импортқа тәуелділік әлі де жоғары.