Алматыда Қазақстан репродуктивтік медицина қауымдастығының XVIII халықаралық конгресі басталды. Оған 25 елден 1000-нан астам маман қатысып жатыр. Биылғы форум елімізде экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы дүниеге келген алғашқы баланың 30 жылдығына арналды, деп хабарлайды ult.kz.
Қазақстандағы алғашқы ЭКҰ сәбиі 1996 жылғы 31 шілдеде дүниеге келген.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, соңғы бес жылда елімізде ана өлімі төрт есе, ал нәресте өлімі 30 пайызға азайған.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен ЭКҰ бағдарламаларын қаржыландыру көлемі жеті есе ұлғайтылған. 2021–2025 жылдары «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында шамамен 34 мың әйелге ЭКҰ жасалған. Оның 13 мыңнан астамы жүктілік бойынша есепке алынып, нәтижесінде 11 мыңнан астам сәби дүниеге келген.
«Бұл цифрлардың артында ана мен әке болу арманын жүзеге асырған мыңдаған отбасы тұр. Бұл – бірлескен жұмысымыздың ең маңызды нәтижесі», – деді министр.
Қазіргі уақытта Қазақстанда қосалқы репродуктивтік технологиялармен айналысатын 32 бейінді клиника бар. Олар жыл сайын шамамен 18 мың процедура жүргізеді. Жалпы, елімізде осы технологиялардың көмегімен дүниеге келген балалардың саны 50 мыңнан асқан.
Конгресс барысында репродуктивтік медицинадағы жаңа технологиялар, жасанды интеллектіні қолдану, имплантацияға дейінгі генетикалық скрининг және онкофертильділік мәселелері талқыланады.