Алматы облысындағы «Барыс» автобазары орналасқан 36,7 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне өтті. Бұл туралы Қарасай ауданы әкімдігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Аудан әкімдігінің хабарлауынша, жер учаскесі сот шешімдерінің негізінде мемлекетке қайтарылып, тиісті жер қорына енгізілген.
«Қарасай аудандық сотының 2023 жылғы 17 сәуірдегі №00.23.1952-2/249 шешіміне, сондай-ақ Қарасай аудандық сотының 2023 жылғы 1 сәуірдегі №00.26.1993-2/781 шешіміне сәйкес, Қарасай ауданында орналасқан „Барыс“ автобазары мемлекет меншігіне өтті. Жер учаскесі мемлекетке қайтарылып, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті жер қорына енгізілді», – делінген әкімдік жауабында.
Бұған дейін Алматы облысының жер қатынастары басқармасы «Барыс» базары орналасқан жер телімдері 2004-2018 жылдары Болат Назарбаевқа автобазар ашу үшін заң талаптарын бұза отырып берілгенін хабарлаған. Атап айтқанда, жер телімдерін бөлу кезінде конкурс өткізілмеген, ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің санаты заңсыз өзгертілген.
Осы заңбұзушылықтарға байланысты Қарасай аудандық прокуратурасы 2023 жылғы 10 қаңтарда жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы сотқа талап арыз түсірген. Соттың 17 сәуірдегі шешімімен 11,5 гектар жер ауданның жер қорына қайтарылды. Кейін прокуратура «Auto market Karasay» ЖШС-не тиесілі қалған 25,5 гектардан астам аумақты да мемлекетке қайтару туралы талап арыз берген.