Алматыда Жаңа жыл мерекесіне дайындық басталды. Биыл қаланы мерекелік безендіруге, Абай алаңына алып шырша орнатуға, концерт ұйымдастыруға және көшелерді жарықтандыруға бюджеттен 512,3 млн теңгеден астам қаражат бөлу жоспарланып отыр. Бұл туралы мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған лоттардан белгілі болды, деп хабарлайды ult.kz.
Шығынның басым бөлігі Абай алаңын безендіруге бағытталмақ. Алматы қалалық мәдениет басқармасына қарасты «Алматы әуендері» КМҚК бұл мақсатқа жалпы сомасы 288,7 млн теңгені құрайтын төрт лот жариялаған.
Техникалық құжаттамаға сәйкес, алаңға биіктігі кемінде 13 метр болатын үш қабатты жаңажылдық шырша орнатылады. Оның бір қабаты айналып тұруы тиіс. Шыршаны дайындау және орнату жұмыстарына 74,9 млн теңге қарастырылған.
Ал 79,4 млн теңгеге 20 сауда үйшігі мен шағын сәулет нысандары орнатылмақ. Олардың арасында «2027» деген жарықдиодты композиция, шабадан, ретротелефон, әуе шары және радиоқабылдағыш үлгісіндегі фотоаймақтар бар.
Бұдан бөлек, сыйлық, грамофон, телефон будкасы мен тәттілер түріндегі тақырыптық инсталляцияларға 64,9 млн теңге жұмсау көзделген. Тағы 69,4 млн теңге Абай алаңы мен Республика сарайының маңындағы кемінде 100 ағашты жарықпен безендіруге, фонтандарды жабуға және декоративті элементтер орнатуға бағытталады.
Мерекелік көңіл күй сыйлайтын концерттік бағдарлама да арзанға түспек емес. Сахнаны техникалық жабдықтау мен концерт өткізуге жалпы 138,9 млн теңге қарастырылған.
Оның 69,4 млн теңгесі сахна, дыбыс және жарық жабдықтарын, алты жарық мұнарасын орнатуға әрі үш күн бойы техникалық сүйемелдеуге жұмсалмақ.
Қалған 69,4 млн теңге концерттік бағдарламаны ұйымдастыруға арналған. Жоспар бойынша, үш күннің әрқайсысында кемінде бес танымал эстрада әншісі, би және балалар шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді. Сонымен қатар Аяз Ата мен Ақшақардың қатысуымен театрландырылған қойылым қойылып, қазақ және орыс тілдерінде жүргізушілер жұмыс істейді.
Қала көшелері де мерекелік безендіруден тыс қалмайды. Алматы мәдениет басқармасы 320 қос қырлы жарықдиодты конструкцияны дайындап, орнатуға 84,8 млн теңге қарастырған.
Осылайша, мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған лоттар бойынша Алматының жаңажылдық безендірілуі мен мерекелік іс-шараларына 512,3 млн теңгеден астам қаражат жұмсау жоспарланып отыр. Бұл әзірге жарияланған сатып алулардың сомасы ғана. Алдағы уақытта қосымша лоттар пайда болса, жалпы шығын көлемі бұдан да артуы мүмкін.