Қазақ эстрадасының танымал әншісі Мейрамбек Беспаевтың 50 жас мерейтойында Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов пен жұбайы Жадыра ерекше құрмет көрсетті. Өнер иесінің жары мерейтой иесіне ақ тілегін арнап, Нұрғали Нүсіпжанов сахнада киген шапанды сыйға тартты, деп хабарлайды ult.kz.
Қазақ өнерінің белгілі өкілдері бас қосқан мерекелік кеште Жадыра Сейдеш сөз сөйлеп, Мейрамбек Беспаевтың ұлттық ән өнеріндегі орнына ерекше тоқталды. Ол әншінің қазақтың дәстүрлі әншілік жолын жалғап келе жатқан өнерпаздардың бірі екенін айтып, жүрекжарды тілегін жеткізді.
"Бүгінгі кеш қазақ өнерінің тойы деп айтуға болатын кеш. Әнші Әміре бабаларымыздың әуенін жалғап келе жатқан менің Мейрамбек ағатайымдай қазақтың ұлдары бар жерде қазақтың ән өнері ешқашан өлмейді. Еңбектеріңіз жана берсін", – деді ол.
Жадыра Сейдеш мерейтой иесіне тарту етілген шапанның ерекше тарихы бар екенін де айтты. Оның сөзінше, бұл – Нұрғали Нүсіпжановтың өзі сахнада киіп, халық алдында өнер көрсеткен шапаны.
"Мына шапан Нұр ағаның сахнаға киген шапаны. Осыны кеудеңізде алтын жұлдыз жарқырасын деген ырыммен, Нұр ағаның өнердегі жемісті, жеңісті жолы бұйырса екен деген ниетпен иығыңызға жабуға рұқсат етіңіз. Бұл қасиетті сахнада Нұр ағаның елдің алғысын арқалаған керемет шапан. Ендігі той Мейрамбек ағамыздың "Халық әртісі" атанған тойына жалғаса берсін", – деп ізгі тілегін білдірді.
Осылайша Жадыра Сейдеш Мейрамбек Беспаевтың иығына шапан жауып, өнердегі жолы ашық, абыройы асқақ болуын тіледі.
Бұл сәт әлеуметтік желі қолданушыларының да назарын аударды. Көпшілік Жадыраның сөз саптауына, қазақы тәрбиесі мен үлкенге деген құрметіне сүйсініп, жылы пікірлер қалдырды.
Дегенмен желіде оның Мейрамбек Беспаевты "ағатайым" деп атағанына қатысты да пікірлер айтылды. Кейбір қолданушылар туыстық жолына қарай "қайын інім" деп атағаны орынды болар еді деген ой білдірді.
Айта кетейік, Мейрамбек Беспаевтың 50 жас мерейтойы қазақ эстрадасының танымал өкілдері бас қосқан үлкен мерекелік кешке айналды. Той барысында өнер иесіне әріптестері мен жақындары ақ тілектерін арнап, ерекше сыйлықтар табыстады.