Инклюзивті қоғам: Әр балаға ортақ әлем керек

Инклюзивті қоғам: Әр балаға ортақ әлем керек
ult.kz

Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін қоғамға кірігу – тек медициналық оңалтудан өту немесе әлеуметтік қызмет алу емес. Бұл – қатарластарымен бірге ойнау, өз бетінше әрекет ету, қабілетін ашу және өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезіну мүмкіндігі. Алматыдағы «Шапағат» әлеуметтік қызметтер орталығының жұмысы осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Алайда инклюзивті қоғам қалыптастыру үшін арнайы мекемелердің жұмысы жеткілікті ме? Әлде кедергісіз орта әрбір қоғамдық кеңістіктен басталуы керек пе?

«Шапағат» көпсалалы оңалту орталығы I және II топтағы мүгедектігі бар ересектерге әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық және басқа да бағыттар бойынша қызмет көрсетеді.

Фото: ult.kz 

Мұндағы жұмыс адамның денсаулығын қалпына келтірумен ғана шектелмейді. Негізгі міндет – күнделікті өмірде өзіне қызмет көрсету қабілетін жетілдіру, әлеуметтік ортаға бейімдеу және дербестігін арттыру.

Орталықтың материалдық-техникалық базасында сенсорлық бөлме, эрготерапия, физиотерапия, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау кабинеттері, емдік дене шынықтыру және механотерапия залдары, кинезотерапия кабинеті, массаж бөлмелері қарастырылған. Медициналық блокта дәрігер қабылдайтын, емшара және физиоемдеу кабинеттері де бар.

«Шапағат» әлеуметтік қызметтер орталығының аумағында ашылған заманауи инклюзивті ойын алаңының маңызы ерекше.

Фото: ult.kz 

Жоба «Болашақ Құрылыс S» ЖШС демеушілігімен жүзеге асқан. Компания құрылыс жұмыстарына 58 миллион теңге бөлген. Аумағы 450 шаршы метр болатын алаң ерекше қажеттілігі бар балалардың мүмкіндіктері мен қауіпсіздігі ескеріліп жобаланған.

Мұнда жарақаттанудан қорғайтын арнайы жабын төселіп, мүгедектер арбасымен қозғалатын балаларға арналған кең әрі еңісі жайпақ пандустар орнатылған. Балалардың сенсорлық және танымдық қабілеттерін дамытуға арналған он тактильді панель де қарастырылған.

Алаңның ортасында пойыз пішініндегі түрлі түсті ойын кешені орналасқан. Оның құрамына төрт ойын мұнарасы мен балалардың мүмкіндіктеріне бейімделген сырғанақтар кіреді.

Жобаның басты ерекшелігі – ойын кеңістігінің тек бір топ балаға емес, түрлі қозғалыс мүмкіндігі бар барлық бүлдіршінге ортақ етіп жасалуы. Яғни мүгедектер арбасымен қозғалатын бала да ойынға қатысып, өзгелермен бірге уақыт өткізе алады.

«Болашақ Құрылыс S» компаниясының директоры Сергей Ковалев әлеуметтік жобаның басты нәтижесі балалардың қуанышы екенін айтады.

"Қолымыздан келгенше көмек көрсетуге, қаланың қоғамдық өміріне белсенді араласуға тырысамыз. Аумақты абаттандырып, балалардың қуанышқа бөленуіне жағдай жасадық", – дейді ол.

«Шапағат» әлеуметтік қызметтер орталығының директоры Анар Оспанова да жаңа алаңның тәрбиеленушілер үшін маңызы зор екенін атап өтті.

"Бұл алаң ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы бейімделген. Оның басты ерекшелігі – балалар ересектердің көмегінсіз-ақ өздігінен ойнай алады. Барлығы ұсақ-түйегіне дейін ойластырылғандықтан, балалар өздерін еркін әрі сенімді сезінеді. Біздің басты мақсатымыз – балалар мен жасөспірімдерді қоғамға бейімдеу. Жаңа ойын алаңына тәрбиеленушілеріміз де, ата-аналар да дән риза", – дейді орталық директоры.

Оның айтуынша, орталықтың бір бөлімшесінде психоневрологиялық және тірек-қимыл аппараты бұзылған 30 балаға қызмет көрсетіледі. Мұндай балалар үшін ойын – жай ғана уақыт өткізу емес, қоршаған ортаны танудың, қарым-қатынас жасаудың, өз мүмкіндігін байқап көрудің маңызды жолы.

Инклюзивті ортаның шынайы мәнін түсіну үшін ата-аналардың пікірі де маңызды. Өйткені күнделікті өмірде қандай кедергілер кездесетінін, баланың қай жерде өзін еркін сезінетінін ең алдымен отбасы біледі.

Осы орайда Серкебаев көшесі, 83-мекенжайында ашылған тағы бір инклюзивті ойын алаңының да әлеуметтік маңызы бар. Ол, соның ішінде, жақын маңдағы «Шапағат» орталығында ем қабылдап, оңалтудан өтіп жүрген балаларға арналған.

Аумағы 450 шаршы метрді құрайтын бұл алаңда ерекше қажеттілігі бар балалардың, оның ішінде мүгедектер арбасымен қозғалатын бүлдіршіндердің де еркін ойнауына жағдай жасалған. Арнайы көпірлер мен өткелдер балалардың ойын кеңістігіне өздігінен қатысуына мүмкіндік береді.

Фото: ult.kz 

Орталыққа қызы келетін тұрғын Анар Нұрсейітова мұндай алаңдардың ата-аналар үшін де маңызды екенін айтады.

"Бұл алаңның ерекшелігі – мұнда өздігінен жүретін балалармен қатар, мүгедектер арбасымен қозғалатын балалар да ойнай алады. Бала өзгелердің ойынын сырттай бақылап қана отырмай, өзі де алаңға жақындап, ойындар мен қызықтарға қатыса алады. Инклюзивті орта қалыптастыру мәселесі өте жақсы ескерілген", – дейді ол.

Ата-ананың бұл пікірі инклюзияның ең маңызды қырын аңғартады. Ерекше қажеттілігі бар баланың өзгелермен бір кеңістікте болуының өзі жеткіліксіз. Ол сол ортадағы әрекеттерге тең дәрежеде қатыса алуы керек. Ойын алаңында да, мектепте де, қоғамдық көлікте де, мәдениет мекемелерінде де баланың мүмкіндігі шектелмеуі тиіс.

Бүгінде инклюзия туралы көп айтылады. Бірақ оның шынайы нәтижесі әдемі ұрандармен емес, баланың мектепке кедергісіз баруымен, қоғамдық алаңда еркін ойнауымен, ересек адамның өздігінен жүріп-тұруымен және қоғам өміріне белсенді қатысуымен өлшенеді.

Сондықтан инклюзивті ойын алаңы – жай ғана абаттандырылған аумақ емес. Ол қоғамның әр баланы қабылдауға, оның мүмкіндігін шектемей, керісінше ашуға дайын екенін көрсететін маңызды қадам.

Ал түпкі мақсат – ерекше қажеттілігі бар адамның қоғамнан оқшауланбай, өз өмірін өзі басқаруына, таңдау жасауына және өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау. Инклюзияның шынайы өлшемі де осында.

Ақбота Мұсабекқызы