Әнші Заттыбек Көпбосынұлы Мейрамбек Беспаевтан 15 миллион теңгеге сатып алған домбырасын ұлы Биханға сыйлады. Өнер иесі қымбат аспапты қолға алып, күй шерткен сәтін әлеуметтік желіде бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.
Әншінің айтуынша, бұл домбыраны алуының өзіндік мәні бар. Ол ұлына өнер жолы жұғысты болып, қазақтың ұлыларының ізін жалғастырсын деген ниетпен осындай сый жасаған.
“Ырым деген бар. Қазақтың ұлыларының ізін жалғасын деген ниетте осы домбыраны алдым”, – деді Заттыбек Көпбосынұлы.
Бейнежазбада Бихан әкесі сыйлаған домбырамен “Еркем-ай” әнін орындаған.
Алайда өнер иесінің сыйлығы желіде әртүрлі пікір туғызды. Бірқатар оқырман “Құтты болсын, аға” деп ізгі тілегін білдірсе, өзгелері бір аспапқа осынша қаражат жұмсауды құптамаған.
“15 млн ысырап емес пе? Ондай ақша қайдан табасыз, бір үйдің ақшасы ғой”, “15 миллионға қайғыратын күй сияқты ма?” – деп жазды желі қолданушылары.
Айта кетейік, Заттыбек Мейрамбектің мерейтойында домбыраны 16 миллион теңгеге сатып алды.
Заттыбек Көпбосынұлы кім?
Заттыбек Көпбосынұлы - қазақ эстрадасының әншісі, сазгер әрі термеші. Ол 1974 жылы қазіргі Түркістан облысы Бәйдібек ауданының Кеңес ауылында дүниеге келген. Халыққа “Ақмаржан”, “Немерем” секілді әндерімен танылған.
Өнер жолын 1995 жылы Бәйдібек ауданындағы “Шалдар” балалар саз мектебінде мұғалім болып бастаған. Кейін мәдениет үйінде көркемдік жетекші қызметін атқарып, “Шаншар” театрында өнер көрсеткен. Шымкенттегі мектептерде музыкадан және домбырадан сабақ берген.

Заттыбек — республикалық “Шалқар” термешілер байқауының лауреаты. Шығармашылығында эстрадалық әндермен қатар ұлттық орындаушылық дәстүрге де орын береді. Домбырамен ән айтып, терме орындайды.
Әншінің Айзере есімді қызы мен Бихан есімді ұлы бар. Ол сұхбаттарында балаларына жұмсақ қарайтынын, қолы босағанда олармен бірге уақыт өткізуге тырысатынын айтқан.