Тоқаев «күйсандық», «қылтима» сияқты сөздерді қолданудың қажеттілігіне күмән келтірді

Тоқаев «күйсандық», «қылтима» сияқты сөздерді қолданудың қажеттілігіне күмән келтірді
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліндегі кейбір жасанды аудармалардың қажеттілігіне күмән келтірді. Оның пікірінше, «күйсандық», «қылтима», «субұрқақ», «себезгі» сияқты сөздерді қолдану мәселесін кәсіби тіл мамандары талқылауы керек, деп хабарлайды ult.kz.

Президент бұл туралы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында айтты.

Тоқаевтың сөзінше, қазақ тілінде бұрын сирек қолданылған немесе мүлде болмаған көптеген термин бүгінде кең қолданысқа енген. Олардың қатарында «тұжырымдама», «қағидат», «сыйақы», «шәкіртақы», «еңбек өтілі», «жанармай», «босқын», «ғарыш», «зымыран», «ғаламтор», «тікұшақ», «жасанды сана» сияқты сөздер бар.

Алайда Президент кейбір аудармалардың тілге сіңісуіне күмәнмен қарайды.

«Мысалы, "күйсандық" (пианино), "қылтима" (балкон), "субұрқақ" (фонтан), "себезгі" (душ), "қырыққабат" (капуста), "үнқағаз" (газет), "жеделсаты" (лифт), "желкөз" (форточка) және тағы басқа жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай сияқты», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ ол соңғы кезде діни тақырыпта көне қазақ сөздерінің орнына араб сөздерін жиі қолдану үрдісіне де тоқталды. Президент мұның қажеттілігіне күмән бар екенін айтып, мамандарды осы мәселелер бойынша пікір білдіруге шақырды.

Қазақ тілінің орфографиясы жаңартылады

Бұдан бөлек, Тоқаев қазақ тіліндегі сөздер мен ұғымдардың әртүрлі қолданылуы тіл тазалығына кері әсер ететінін айтты. Осыған байланысты емле ережелерін жүйелеп, орфографиялық сөздікті жаңарту қажеттігін атап өтті.

Президенттің мәліметінше, Қазақ тілінің ресми бекітілген орфографиялық сөздігі соңғы рет 1983 жылы жарық көрген. Кейін бірнеше сөздік шыққанымен, олардың ешқайсысы мемлекеттік деңгейде бекітілмеген.

Мемлекет басшысы қазақ тілі орфографиясының ғылыми негізін зерделеп, оны ретке келтіру жұмысын 2027 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Сондай-ақ тіл мәселелерін үйлестіру үшін кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен қоғам өкілдерінен арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды. Оның жұмысын үйлестіру Президент Әкімшілігіне жүктеледі.