Мемлекет басшысы: Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді

Мемлекет басшысы: Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің болашағына ешқандай қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ана тілі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласында да қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды ult.kz.

Президент бұл туралы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында сөйлеген сөзінде айтты.

Мемлекет басшысы өткен кезеңдердегі саяси қысымға қарамастан, қазақ тілінің сақталып, дамуын тоқтатпағанын атап өтті. Бұған әдебиетшілер, тіл мамандары, журналистер, зиялы қауым мен қарапайым азаматтар үлес қосқан.

«Ал қазіргі таңда тіліміздің келешегіне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деп анық айтуға болады. Бүгінде қазақ тілі озық технологиялар саласына кең ауқымда еніп, заман талабына сай дамып келе жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, бүгінде еліміздегі көптеген цифрлық платформа қазақ тілінде қызмет көрсетеді. Сонымен қатар әлемдік технологиялық компаниялар да қазақ тілінің әлеуетін мойындай бастаған.

Қазақ тілі жасанды интеллект жүйесінде дамып келеді

Тоқаев OpenAI компаниясы жүргізген зерттеуге тоқталып, соңғы үш жылда қазақ тілі жасанды интеллект жүйелерінде қолданысы қарқынды кеңейіп келе жатқан тілдердің қатарына енгенін айтты.

Сондай-ақ Yandex компаниясының мәліметінше, былтырдан бері оның бір өнімін қазақ тілінде пайдаланатын адамдардың саны 30 пайызға артқан.

Бұдан бөлек, Google компаниясы өткен жылы қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізген.

Мемлекет басшысы мұның барлығы қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті.

«Алтын шыққан жерді белден қаз» деген. Сондықтан біз осы бағытта басталған өте қажетті әрі маңызды жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беруіміз керек», – деді Президент.