Трамп: Украина соғыстан кейін «басқа кейіпке енуі мүмкін»

Трамп: Украина соғыстан кейін «басқа кейіпке енуі мүмкін»
ашық дереккөз

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғыс жақын арада аяқталуы мүмкін екенін мәлімдеді. Алайда оның айтуынша, соғыс біткеннен кейін Украина «біршама басқа кейіпке» енуі ықтимал. Бұл туралы ол CBS News телеарнасындағы «60 Minutes» бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Сұхбат барысында Трамп АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден әкімшілігінің Украинаға көрсеткен қаржылай және әскери көмегін сынға алды.

Оның сөзінше, Байден Киевке 350 миллиард доллар көлемінде қаржы мен қару-жарақ берген. Ал Трамп әкімшілігі Украинаға қаруды тікелей тегін бермей, Еуропа елдеріне толық бағасымен сатып отырғанын айтты.

«Мен оларға ештеңе берген жоқпын. Қаруды Еуропаға толық бағасымен саттым, олар бізге ақша төлейді. Бұған дейін мұндай көмек көрсетілгеніне көңілім толмады, өйткені мұны ақымақтық деп санадым. Еуропаның ақшасы бар, олар қару-жарақтың ақысын төлей алар еді», – деді Трамп.

Журналист АҚШ көмегінің нәтижесінде Украинаның тәуелсіздігін сақтап қалғанын айтқан кезде, Америка президенті бұған келіспеді.

«Әзірге олай болған жоқ. Әзірге ештеңеге қол жеткізген жоқсыздар. Мұның соңы немен аяқталатынын көрейік. Менің ойымша, түптің түбінде Украина біршама басқа кейіпке енеді», – деді ол.

Трамп соғыстың аяқталуына не кедергі деп санайды?

АҚШ президенті бейбіт келісімге келуге басты кедергі ретінде Украина президенті Владимир Зеленский мен Ресей президенті Владимир Путин арасындағы «шектен тыс өшпенділікті» атады.

Соған қарамастан, Трамп екі тараппен де келіссөз жүргізіп, соғысты тоқтатуға қауқарлы екенін жеткізді.

«Менің ойымша, бұл соғыс аяқталады және ол жақын арада бітеді. Оның аяқталуының жалғыз себебі – мен боламын», – деп мәлімдеді АҚШ басшысы.

Starlink жұмысына қатысты не деді?

Сұхбатта Украина аумағындағы Starlink спутниктік байланыс жүйесінің жұмысы баяулауы немесе үзілуі мүмкін деген мәселе де көтерілді.

Трамп желінің әдейі өшірілгеніне қатысты өзінде ешқандай дәлел жоқ екенін айтты.

«Білмеймін. Бұл өте жақсы жүйе. Оның жұмысы баяулаған болуы мүмкін, бірақ маған мұны растайтын дәлел ұсынған жоқ. Бұл соғысқа қатысты көптеген жалған ақпарат таралып жатыр. Мен бұл туралы естіген кезде жүйенің жұмысы қалпына келтірілген еді», – деді ол.